«Қонаев көндірді». Жақсылық Үшкемпіров спорттан неге кетпек болған?

0

Кеше Жақсылық Үшкемпіров дүниеден өткені хабарланды. Ол тарихта қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде қалады. Балуанның өмірінде Дінмұхамед Қонаевтың орны қандай? Спорттан не үшін кеткісі келген? Tengrinews.kz тілшісі Үшкемпіровтің өмірі мен спорттағы карьерасы туралы баяндайды.

«Тегім Үшкемпіров емес»

Болашақ чемпион 1951 жылы 6 мамырда қазіргі Жамбыл облысы, Тегістік ауылында дүниеге келген. Спортшының бала кезі туралы тек өз аузынан белгілі. Ол отбасының – жалғыз ұлы. Сонымен қатар, әпкесі мен қарындасы болған.

«Кішкентай кезімде әкем мені қатал тәрбиеледі. Мен оның жалғыз ұлы болдым. Көп жұмыс істетті, таңғы сағат алтыда оятатын… Қазір ол мені халық үшін осылай тәрбиелегенін түсіндім. Оның арқасында мен еңбекқор болып, Отаным үшін әлем және Олимпиада ойындарының чемпионы атандым», – деп еске алады ол.


Сурет Voxpopuli.kz сайтынан

Ол бүкіл әлемге Жақсылық Үшкемпіров болып танылған. Бірақ оның тегі басқаша екен. Интернатта оның тегі өзгеріп кеткен.

«Негізі, мен Әміралиев Жақсылықпын. Интернатта әкемнің аты мен тегімді шатастырып алған. Әкем – Үшкемпір, ал Әмірәлі – атам. Әмірәлиев Жақсылық Үшкемпірұлы болатынмын», – дейді спортшы «Қазақстан тарихы» басылымына берген сұхбатында.

Үшкемпіров спортқа да күтпеген жерден келген. Негізі мектепте қазақша күрес секциясына қатысқан. Бірақ бұл спортпен кәсіби түрде айналыспаған.

«1968 жылы Семей зооветеринарлық институтына түстім. Күзде дене шынықтырудан сынақ болды, шаңғымен сырғанаудан тест тапсырдық, одан өте алмадым. Жамбыл облысында қыста ешқашан суық болмайтын, шаңғымен сырғанауға жағдай жоқ еді, сондықтан тәжірибе мен дағдылардың жоғынан сынақтан өте алмадым. Сөйтіп, еркін күрес бапкері Владимир Ливенхаймен кеңестім.

Ол маған еркін күрестен бір жігітті жеңсем, сынақтан өтуге көмектесетінін айтты. Мен қарсыласымды, кейін екіншісін, үшіншісін жеңдім. Мұны көрген Ливенхай 15 күннен кейін институт ішінде турнир жоспарланғанын айтты. Егер мен онда жақсы өнер көрсетсем, ол маған үнемі көмектесемін деді. Сөйтіп, 15 күннен кейін турнирге қатысып, 1-орын алдым. Көп уақытымды жаттығуға арнадым. Бір жарым жылдан кейін ересектер арасында Қазақстан чемпионы атандым. Спортқа осылай келдім», – дейді ол өз сұхбатында.


Сурет Voxpopuli.kz сайтынан

Спорттан кетпеуіне Қонаев себепші болған

Жақсылық Үшкемпіров 1976 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуы мүмкін еді. Бірақ сол кезде құрама бапкері тәжірибелі спортшы Алексей Шумаковты таңдаған.

«Көңілім қатты қалды, тіпті спорттан кетуді ойлай бастадым. Содан кейін мені Қонаев шақыртты. Дінмұхамед Ахметұлы мені өзінің кабинетінде қабылдады және спортты тастамауыма көндірді: «Жәке, маған елді басқару оңай деп ойлайсың ба? Жаттығуды жалғастыр, біз саған көмектесеміз. Келесі Олимпиадада чемпион боласың!». Оның сөзі тура келді, келесі Олимпиадада чемпион атандым», – деп еске алады Үшкемпіров Atameken.kz сайтына берген сұхбатында.

1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада да спортшы үшін қызық басталған. Оның айтуынша, алғашқы жекпе-жегіне ұйықтап қала жаздаған.

«Сол күні таңғы ас ішіп, Шәміл Серіковпен бірге демалуға кеттік. Бөлмеге кірдік, онда баскетболшылар тұрып жатты-ау деймін. Үш метрлік екі үлкен кереует болды, соған жатып, ұйықтап қалдық. Сөйтсе, бәрі мені іздеп жатыр екен. Жекпе-жектің басталуына жарты сағат қалыпты. Кейін бөлмеге біреу кіріп, мені кездейсоқ байқап қалған. «Не істеп жатсың, тұр, қазір кездесуің басталады» деді. Қызық болған», – деп еске алды спортшы «ProСпорт» басылымына.

48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен балуанның алғашқы қарсыласы румыниялық Константин Александру еді. Оның Мәскеу Олимпиадасы алдында екі дүркін әлем чемпионы, бес дүркін Еуропа чемпионы деген атағы болған. Үшкемпіров оны 6:2 есебімен жеңді.


Сурет Voxpopuli.kz сайтынан

Артынша польшалық және венгриялық қарсыластарынан айласын асырған. Ал финалда болгариялық Павел Христовпен белдескен. Отандасымыз қарсыласын 12:7 есебімен жеңіп, Олимпиада чемпионы атанған.

Төрт жылдықтың басты додасын жеңген Жақсылық Үшкемпіровке сол кезде 5 мың рубль берілген екен.

«Маған «Волга» көлігін берді. Бірақ тегін емес! Оны кезексіз сатып алуға болатын еді және оның құны 4 900 рубль болды – бұл сол кездегі үлкен сома! Біз Олимпиада ойындарын жеңіп алғанымыз үшін 5 мың рубль алдық», – деп еске алады ол.


Фото РИА Новости

Үшкемпіров Олимпиададан бөлек 1981 жылы әлем чемпионы атанған. Еншісінде екі дүркін КСРО чемпионы деген атақ бар. Өзінің айтуынша, ол тек Еуропа чемпионатын бағындыра алмаған. 1980 жылы ол құрлықтық жарыста күміс медаль еншілеген болатын.

Спорттан 32 жасында кеткен

Жақсылық Үшкемпіров 1976 жылы үйленген. Үш баласы бар. Тұңғышы – Жандос, кейін Елдос деген ұлы дүниеге келген. 1980 жылы Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанған соң үшінші ұлы туған.

«Үшінші ұлым мен Мәскеудегі Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен күні дүниеге келді. Кейін бәрі ұлымның есімін Олимпиада аюының құрметіне Михаил деп қойғысы келді. Бірақ мен есімін Жеңіс деп қойдым», – дейді Үшкемпіров.


Фото 24.kz сайтынан 

Сөйтіп, Олимпиада және әлем чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіров 1983 жылы 32 жасында карьерасын аяқтады. Өзін спорт ардагері сезінген ол тағы да белдесудің мәні жоқ деп санаған.

Көптеген спортшы секілді ол бапкерлік қызметті қумаған. Спорттан кеткен соң Жақсылық Үшкемпіров Бақанас ауылында мал шаруашылығымен айналысқан.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз