Қонаев Дінмұхаммед Ахметұлына 112 жыл
Бүгін Қазақтың бір туар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте еңбек ері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтің туған күні.
Бұл Димаш атаны, заманның тау тұлғасы Қонаевті ұлықтау күні. Бар өмірін еліне, туған жеріне, халқына адал қызмет етуге арнады. «Әділет жеңеді, бірақ ол кешігіп жүреді» -демекші, әділеттің ақ таңы атты. Қонаев есімі ортамызға қайтып оралды. Алматы облысында өзі қазығын қаққан Қапшағай қаласына Қонаевтің аты берілді. Алып жүректі үлкен адам Қонаевтің есімі мәңгі өшпейді. Бүгін Алматыда Қонаев атындағы саябақта, Қонаевтің ескерткіші алаңында туған күн құрметіне орай, көп адам қатынасқан шара өткізілді. 50 -ден аса бейбітшіліктің ак көгершіні Тәуелсіз елдің көк аспанына ұшырылды. Бұл атаға деген шексіз құрмет. Сондай-ақ, Ыстанбұлда Қазақстан мәдениет және сауда орталығында Д. Қонаев фото-сурет көрмесі ашылды.
Мен Қазақ телевизиасында тілшілік, журналистік қызмет атқарғанымда Қазақстанның бірінші басшысы Д. Қонаевті телевизиялық түсіру тобында тілшісі болғанымды зор мәртебе санаймын.
Өткен бір тарихи кезеңді еске аламын. Түркия, Стамбұл әуежайы, 1992 жыл 11 Қазан. Дінмұхаммед Қонаев Анадолы жеріне қадам басты. Әуежай маңында қарсы алушылар Түркия үкіметінің басшылары емес, осындағы Стамбұлда тұратын қазақ қандастарымыз. «Ақсарыбас, Ақсарыбас» деп айқайлап екі қошқарды құрбандыққа шалды. Тура әуежай алаңында. Міне Димаш атаға деген халықтың құрметі, ағайындардың ықыласы. Д.Қонаевтың жанында, жеке дәрігері Ахат Мүліков, жиені Дияр Қонаев, Түркиядағы қазақ телевизиясының тілшісі Ержан Уәйіс болды.
Қазақ ағайындар көп тұратын Зейтінбурну ауданындағы Қазақ-Түрік қоғамы (Kazak-Turk Vakifi) үйінде Түркияда қоныстанған ел ағалары Халифа Алтай (құранды қазақ тіліне бірінші аударған кісі), Дәлелхан қажы (әкесі Шығыс Түркістанда қаржы Министірі болған Жанымхан Жаналтайдың ұлы), әкелі балалы Тоқтабай және Фазыл Топлы, Мұхаммед Қылыш, Найман Хафыз, Шеризат Доғыру, ағайынды Жақып және Камал Добайлар, Қызырбек Ғайретұллах, Өмер Білгін, Мәнсүр Тәжи, Дәуіт Ашықкөз, Өмер Жігіт, Жақып Жан, Абдулуақап Қара, Шахмансур Деңіз және тағы басқа жүздеген азаматтар қарсы алды. Кездесу туысқандық, бауырмашылдық жоғары дәрежесінде өтті. Димаш ата Қонаевқа сөз берілді (жүргізуші Ержан Уәйіс) «Құрметті ағайындар, бауырлар, бүгін сіздермен қауышқаныма Аллаға мың да бір шүкіршілік, өте разымын. Тағдыр тауқыметімен сырт елдерде өмір сүрдіңіздер. Осы кезең үшін Түрік елінің басшылығына, сол кездегі сіздерге қамқорлық жасаған Премьер Министр Аднан Мендереске шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Біздің түбіміз Түрік, дініміз Ислам! Енді еліміз Тәуелсіздігін алды, көк туымыз желбіреуде, елге, Қазақстан деген Отандарыңа қайтыңдар. Ата-жұрттарың құшақ жая қарсы алады. Менің сіздерге берген ақбатам деп есептейсіздер деп жарықтық Димаш ата қолын жайған еді.
Қазақ кәсіпкері Фазыл Топлының басшылығындағы тері өңдеу зауытында әзірленген арнайы қой терісінен жасалған тонды Димаш атаға кигізді.
Бұл кездесуді бастан аяқ телевизия лентасына түсіріп, Қазақстан жаңалықтарына сол кездегі Комитет Төрағасы Шерхан Мұртазаға жіберген едім. Ал түсірген фото суреттер менің мұражайымда сақтаулы. Сондай-ақ, Қазақ қоғамында Дінмұхаммед Қонаев атаны еске алу шарасы өтті. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Түркиядағы арнаулы өкілі, Ыстанбұлдағы Қазастан мәдениет және сауда орталығының басшысы Ержан Уәйіс «Алып жүректі үлкен адам – Д.Қонаев» деген тақырыпта баяндама жасады. Д.Қонаевтің суреттерімен әңгіме әсерлі болып отырды. Д.Қонаев ата рухына арнайы құран бағыштады, дұға етті.
1992 жылы 12 қаңтарда 80 жылдық туған күнінде Дінмұхаммед Қонаевтан жеке сұхбат алғаным тарихи құбылыс.
Осыдан 5 жыл бұрын Қызылорда телеарнасынан көрсетілді.
Назарларыңызға сол бейне таспаны ұсынамын.
Ержан Уәйіс
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық Д. Қонаев қорының алқа мүшесі.
Ыстанбұл.