Қолжетімді ләззат: Боранбаевтың түрмедегі «демалысына» қатысты тың дерек шықты
Қайрат Боранбаевтың немере інісі Әбілхан Боранбаевтың 4,5 жылға сотталуына себеп болған қылмыстық іске қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды Kznews.kz.
Боранбаевты Қаржылық мониторинг агенттігі ғимаратынан тергеу изоляторына ауыстыру кезінде айдауылдар жүру бағытынан ауытқып, Астана маңындағы Алаш тас жолының бойында орналасқан «Нұр» кафесінің жанында тоқтаған.
Іс материалдарына сүйенсек, сол жерде кездескен қыз кейін сотта куәгер болып, «олар қара түсті джипте кездескені, оған ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсеткені» жөнінде айтқан.
Еске салайық, 19 қазанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың немере інісі Әбілхан Боранбаевқа үкім шығарды. Оған қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі (пара беру) бойынша айып тағылған.
Сотта анықталғандай, Боранбаев аға жедел уәкілі Дәурен Қазбек пен Шульминға (тергеу кезінде қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды) жалпы сомасы 1,6 млн теңгеден астам пара берген.
Қазбек және ульмин адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы пара алып, қамауға алынған Боранбаевқа мобильді байланыс, кездесулер, туған күнін алкогольді ішімдіктерді қолдану арқылы тойлау үшін басқа адамдармен байланысқа түсуіне заңсыз мүмкіндік берген.
Қайрат Боранбаевтың өзіне келсек, 15 қыркүйекте кәсіпкердің ісі бойынша апелляциялық сот үкімі шықты. Сот оның жазасын жеңілдетті. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Боранбаевтан мемлекет кірісіне:
- Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы коммерциялық үй-жай және 686 млн теңгенің жер учаскесі;
- Банк шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат;
- Халық банкіндегі түрлі шоттардағы 5 млн 685 мың 727 доллар, 1 млн 170 мың 329 доллар, 755 млн 859 мың 601 теңге, 193 млн 170 мың 137 теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат тәркіленді.
Сондай-ақ, Қайрат Боранбаев мемлекетке құны 1,4 млрд теңгеден асатын қонақүйді тапсырды, білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды және өзінің меншігіндегі сауда орталығы мен фитнес желісін мемлекет меншігіне өткізді.
Бұдан бөлек, кәсіпкердің жалпы құны 58 млрд теңге болатын кен орны, зауыты пен компаниясы мемлекетке өтті.
Жуырда Боранбаевтың түрмедегі жазасы бас бостандығын шектеуге алмастырылғаны белгілі болды. 4 қарашада кәсіпкер бостандыққа шықты.