Қолжазбаны қорытатын маман қат | «Айқын» газеті
Анкарада қазақ жастары «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талдады. Қазақ жастары кеңесінің бастамасымен Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде Түркияда білім алып жүрген магистранттар, докторантар, шетелдік студенттермен кездесу өтті.
Елші Абзал Сапарбекұлы Қазақстан Президентінің ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғырту мақаласының тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі әлемінің тарихын зерттеуге серпін беретінін айрықша атап өтті. Сондай-ақ қазақ тариxының бастауы, өркениеті, түркі әлемінің адамзат тариxына қосқан үлесі зор. Мақала қысқа мерзімде шет тілдеріне аударылды. Магистрант пен доктаранттар мақалада жазылған негізгі бағыттарды талдады. Мәдени, рухани және тілдік мәселелерді қамтыды. Кездесуде жастардың «Ұлы даладағы керуен жолдардың тарихи стратегиясы», «Түбі бір түрік бастауының тарихнамасы», «Ұлы даланың музыкалық сарындары», «Аң стилінің ұлттық нақыштарының тарихы» тақырыптарына тың ұсыныс-пікірлер айтылды. Анкара университетінің докторанты Дамира Маханова «Архив – 2025» бағдарламасы мақсатының маңыздылығын, ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білу мен насихаттау әрі сақтау – ұлт болашағының кепілі» деген пікірімен бөлісті.
Армениядағы Месроп Маштоц атындағы Матенадаран ежелгі қолжазбалар институтында 17 мыңнан астам ежелгі қолжазба сақталған. Қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды зерттеп, оқитын маман тапшы. Осы саланың мамандарын дайындау – кезек күттірмейтін мәселе. Докторант Нұрлан Байғалып мақаланың БАҚ пен әлеуметтік желіде қызу талқыланғанын айтты. Биология ғылымдарының докторанты Фахреддин Сағжан «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» баяндамасында Қазақстанның табиғат байлығының артықшылығын талдады.
Журналист Дінмұхаммед Қасымбек «Ұлт тарихындағы кино және музыканың алар орны» баяндамасында киноның идеология құралы екенін айтты. «Ұлттық рухты көтеретін фильмдер түсірілуі керек. Қазақтың әлемге танылмаған батыр, ақын, жазушылары туралы туындыларды шығару арқылы өскелең ұрпақтың жадында өткен тарихты жаңғыртамыз. Қазақстан Президентінің ұлттық ерекшеліктер, көне тарихты зерделеу керектігі жөнінде айтылған ой-пікірлері өте құнды» деді ол.
Елші Абзал Сапарбекұлы Елбасы мақаласындағы басым бағыттарды жан-жақты түсіндіру, айтылған ойлардың барлығы жастар үшін келешегін айқындауға септігін тигізетіндігін, осы бағытта өздерін жетілдіру маңызды екенін айтты. 2017 жылы құрылған «Анкара жастары» кеңесінің алдағы уақытта атқаратын жұмыстары жайында жастардың ой-пікірін тыңдап, оны жүзеге асыруға қатысты нақты ұсыныстарды талқылады.
Майра ЖАНЫСБАЙ