Қолы гипс, бармақтары сынған, денеде сау тамтық жоқ: Атыраулық ана түрмедегі ұлының жағдайын айтып халықтан көмек сұрады (видео)
Атыраулық ана Сеңгірбаева Ақкенже Қайролина жазықсыз сотталып кетті деген ұлының түрмедегі халін айтып халықтан көмек сұрады.
«2020 жыл, 11 қараша, сағат 23:00 де Ақтауда жазасын өтеп жатқан ұлыма қайтадан қастандық жасалды. Ұрып-соғып денесіне үлкен көлемде зақым келтірді. Қолы гипс, бармақтары сынған, бет-әлпеттен түк жоқ, үстінде сау тамтығы қалмаған. Бұл ретте олар сақалды ахиларға тапсырыс берген.
Видео дәлелдері бар. Госпитальда жатқан, балтақпен жүрген ауру ұлыма жасалған қастандықтың ізін жасыру мақсатында ұлымды дереу Ақтөбеге алып кетті» деді жазасын өтеушінің анасы Сеңгірбаева Ақкенже.
«Күні ертең, желтоқсанның 2 жұлдызында Қарағандыға алып кетпек. 18 жасынан түрмеге тоғытылған баланың өмірге деген ендігі көзқарасы қандай болмақ, егерде, түзетеді деген түрменің сиқы мынау болса? ҚР заңы бір бөлек те, түрме ішінің жабайы қара заңы бір бөлек. Бұның арты өз-өзіне қол жұмсау, суицидтке алып келері хақ» дейді А.Сеңгірбаева.
Жанайқайын жеткізген ана ұлының түрмеден не мүгедек, не темір табытпен өлі мүрдесі шыққанын қаламайтынын айтты. Сондықтанда, заң орындары мен ел-халықтан араша, көмек сұрап отыр.