«Қолдау көрсетуге тырыстым»: Волейболшы қызға қол көтерген мұғалім кешірім сұрады (видео)
Маңғыстауда волейболшы қызға қол жұмсаған жаттықтырушы Азамат Тұрмағамбетов кешірім сұрады, деп хабарлайды Lada.kz ақпарат агенттігі.
Азамат Тұрмағамбетов — Жаңаөзен қаласындағы №3 орта мектепте дене шынықтыру мұғалімі. Ол видеоүндеу жолдап, өз әрекеті үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ, видеодағы қыздардың Жаңаөзен қаласының волейболшылар командасының мүшесі екенін айтты.
«Шапалақ сияқты көрінуі мүмкін шын мәнінде олай емес. Алтыншы нөмірлі ойыншы команданың көшбасшысы. Мен оны шақырып, бүкіл командаға қолдау көрсетуге тырыстым. Менің әрекетім сырт көзге ойыншыларға күш көрсету секілді көрінсе, кешірім сұраймын», — деді Тұрмағамбетов.
Бұған дейін әлеуметтік желіде бапкердің волейболшылардың беті мен басына қалай соққы жасайтыны туралы видео тараған болатын. Кейінірек бұл оқиғаға Маңғыстау облысының әкімдігі мен білім министрлігі түсініктеме берілді.
Естеріңізге сала кетсек, әлеуметтік желіде жаттықтырушының әрекеті қызу талқыға түскен еді.