«Қолдан жасап отыр»: Тараз тұрғыны өгей қызын зорламағанын айтып, ақталды

0

Таразда өгей әкесі 16 жасар қызды зорлап, жүкті қылды деген күдікке ілінді.

Зорлықшыдан жүкті болып, бала босанған жасөспірімнің отбасы журналист Руслан Өтепбайға жүгінген. Бұл туралы видео журналистің YouTube арнасында жарияланды.

Қыздың анасының айтуынша, қызы мектепте 9 сынып оқып жүргенде белгісіз біреу зорлап кеткен көрінеді.

“Үш қызым бар. Бірінші қызым алғашқы некемнен. Бірінші күйеуім қайтыс болған. Сосын екінші рет тұрмысқа шықтым. Үлкен қызым 16 жаста, кейінгі қыздарым 13 және 12 жаста. Үлкен қызым 9 сынып оқып жүргенде мешіттің артында белгісіз біреу зорлаған. Тал түсте, көшеде болған. Ол жақпен көп адам жүрмейтіндіктен, ешкім көрмеген. Ер адам қызымды біреуге айтсаң отбасыңды өлтіремін, барлығын танимын деп қорқытқан. Қызым ештеңе істей алмаған”, – дейді қыздың анасы.

Осы оқиғадан кейін жасөспірім қыз жүкті болып қалыпты. Ал анасы қызының зорланғанын да, жүкті екенін де қыздың толғалы басталғанда бір-ақ білген.

“Қызым 29 қараша күні босанды. Толғақ басталды, біз білген жоқпыз. Бойы ұзын қыз, іші де байқалған жоқ. Жедел жәрдем шақырдық, келген дәрігерлер жүкті екенін айтты. Сол кісілер айтқан кезде ғана сендім. 16 жасқа толуына 10 шақты күн қалған кезде босанды”, – дейді қыздың анасы.

Әйел журналистен зорлықшыны табуға көмектесуді сұрайды. Ал полиция қызметкерлері қызды зорлаған ер адам қыздың өгей әкесі болуы мүмкін деген тұжырымға келген.

“Құқық қорғау орган өкілдері менің екінші жолдасымнан көріп отыр. Себебін білмеймін. Ол күйеуіммен әлі бірге тұрамыз. Қызымнан да, күйеуімнен де сұрадым. Екеуі де жоққа шығарды. Өзім де жолдасым екеніне сенбеймін”, – дейді әйел.

Алайда жасалған ДНҚ сараптамасы қызды зорлаған адамның өгей әкесі екенін көрсеткен. Қыздың анасы сараптама нәтижесіне күдікпен қарайды.

“Қызымнан, өгей әкесінен қан алды және сәбидің аузынан сілекей алып, ДНҚ сараптамасын жасады. Нәтиже 99% күйеуімнің сәбидің әкесі екенін растады. Маған мұны біреу қолдан жасаған сияқты”, – дейді жолдасын қорғауға тырысқан әйел.

Журналист күдікті деп танылған өгей әкемен де сұхбаттасыпты.

“55 жастамын. Қазіргі әйеліммен отасқанымызға 14 жыл болды. Біз үйленгенде өгей қызым 3 жаста еді. Өзім өсірдім. Қазір мені басты күдікті қылып тұр. Басында қызымның желідегі парақшасынан тауып алған, бір баланы күдікті ретінде алып келген еді. Бірақ қызым оны танымаймын дейді. Сосын қызымнан, менен, ол жігіттен де ДНҚ алып, сол сараптамадан кейін 99,9% әкелігім расталып, күдікті болып танылдым. Қалай болғанын түсінбеймін”, – дейді қыздың өгей әкесі.

Осы нәтижеден кейін отбасы Алматыға барып, тәуелсіз орталықта екінші рет ДНҚ сараптамасын жасатыпты. Бұл жерде де нәтиже 99,9% болып шыққан. Өгей әке бұл нәтижемен де келіспейтін көрінеді.

Журналист сұхбат алып жатқан кезде полиция қызметкерлері келіп, өгей әкені полиция бөлімшесіне алып кетеді. Полиция бөлімшесіне барған соң, өгей әке қызды зорлағанын мойындаған көрінеді. Қыз да өгей әкесінің өзін зорлағанын айтқан.

Жағдайға қатысты Жамбыл облыстық полиция департаменті мәлімдеме жасады.

“Тараз қаласының полиция бөліміне ауруханадан 16 жастағы қыздың ерте жүктілік диагнозымен түскені туралы хабарлама түсті. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде, қылмысты жасады деген күдікпен қыздың 54 жастағы әкесі анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде”, –делінген полиция хабарламасында.

фото: istock