Қол дірілдесе қайтпек керек? |

0

Қолдың дірілдеуі немесе қалтырауы – сырт көзден жасыруға келмейтін аса жағымсыз құбылыс. Ол жүйке жүйесінің бұзылғандығын білдіріп, көптеген жағымсыз аурулардың белгісі болуы мүмкін. Бөгде адамдар мұны әшкереленуден қорқыныш деп немесе алкогольді сусындарды шамадан тыс тұтынатын адам деп қабылдауы мүмкін, алайда шындығында олай емес. Қалай болғанда да қолдардың қалтырауы – уақыт салмай дәрігерге қаралуға себеп. 

Қол дірілінің түрлері 

Ең көп таралған қалтыраулардың бірі – ешқандай аурумен байланысы жоқ қатерсіз қалтырау. Ол көбіне жасөспірімдік шақта немесе жастық кезеңде көп кездеседі. Бастапқыда қатты сезілгенімен, кейін із-түзсіз өзі кетіп қалады. Кейде бір қол қалтырап бастап, екінші қолға өтеді, ал кейде тіпті иек, тіл, бас та бірге дірілдеуі мүмкін. Мұндай жағдайда адамның қандайда бір әрекет жасауы қиындай түседі, тіпті кесе ұстауға да икемі келмей қалады. Ал уайымдаған кезде немесе алкогольді ішімдіктер ішкенде қалтырау тіпті үдей түседі. Егер қалтыраудың себебі уайымшылдықтан болса, көбіне жүйке жүйесін тыныштандыратын препараттар ұсынылады. 

Қол қалтыраудың тағы бір түрі – постуральді қалтырау. Ол тұқым қуалаудан, әсіре мазасыздық салдарынан немесе қалқанша безі функциясының бұзылуынан болуы мүмкін. Қалтыраудың бұл түрі абстиненция салдарынан көбіне маскүнемдер мен нашақорларда болады. Кейбір күшті әсер ететін дәрілерді шектен тыс пайдалану да постуралды қалтырауға себеп болуы мүмкін. Мұндай дәрілерге есуастандырғыш препараттар мен бронхты кеңейтетін дәрілер жатады. Сонымен қатар сынап сияқты ауыр металлдардың тұздарымен улану да осындай қалтырауға себеп бола алады. Жағдайды бақылауда ұстауға тырысу мен қолдың дірілін азайтуға күш салу оның одан бетер үдей түсуіне ықпал етеді. Қалтыраудың бұл түрі ұсақ аршынды болып келеді, мұны аурудың қолын алдыға созып, саусақтары жаюлы күйінде жақсы байқауға болады. 

Интенционды қалтырау – мишық ауруының салдарынан болады. Ол әсіресе қимыл-қозғалыс аяқталып, нысанаға жақындай түскен кезде байқалады (мысалы, көз жұмулы қалпында саусақпен мұрынның ұшына тигізуге тырысу). Қалтыраудың бұл түріне астериксис, немесе флеппинг-тремор жатады. Бұлар тұқым қуалайтын қатты аурулардың бірі – Вильсон-Коновалов ауруының белгісі болуы мүмкін, сонымен қатар бүйрек, бауыр және орталық ми зақымдануының салдарынан да болып жатады. 

Мұндай қатты ауруларға Паркинсон ауруын да жатқызуға болады. Аурудың негізгі белгісі – қолдардың әрдайым дірілдеп тұруы. Қалтыраудың бұл түрі 60-тан асқанда, яғни егде жаста пайда болады және жазылмас дерттің бірінші белгісі болып табылады. Қазіргі таңда дәрігерлер бұл аурудың таралуын баяулата ғана алады, сондықтан Паркинсонды уақытында анықтап, емдік шараларды ертерек бастау маңызды. 

Қалтыраудың себептері 

Егер қолдардың дірілдеуі маскүнемдік немесе Парксинон ауруының салдарынан болмаса, ол мидың зақымдану салдарынан, сонымен қатар жүйке жүйесінің бұзылуынан: стресс, күйзеліс, эмоционалды және психикалық ауыртпалықтан да болады. Кейде ол көп кофе ішетін адамдарда пайда болады. Мұндай жағдайда ол спонтанды, қолдардың жыбырлап дірілдеуі сияқты білінеді. 

Көпшілік алдында сөз сөйлеуден болатын толқу немесе ұрыс-керіс кезінде алынатын қатты стресс көбіне таныс. Мұндай сәтте бұрын білінбеген болса да көптеген адамдардың қолдары дірілдеп, қалшылдай бастайды. Алайда бұдан қорқудың қажеті жоқ – бұл ағзада орын алған табиғи физиологиялық реакция. Қанға кенеттен енген көп мөлшердегі стресс гормоны ағзаны мобилизацияландырып, физикалық мүмкіндіктерінен шектен тыс жұмыс істеуіне итермелейді. Мәселе қолдардың жеңіл дірілімен аяқталса жақсы. Егер денеңіз қатты қалшылдап, оған қоса қолдарыңыз қалтырай бастаса мұндай реакцияны истерикалық деуге болады, бұл жүйке жүйесінің функционалды бұзылуын білдіреді және тез арада дәрігерге қаралу ұсынылады. 

Егер толқу салдарынан қолдарыңыз қалтырайтын болса, дәрігерге тек ара-тұра, маңызды оқиғалардың алдына ғана тұтынуға болатын препараттар жазып беруін сұрауға болады. 

Қол қалтыраса не істеу керек? 

Егер жүйкенің жұқаруы қолдардың қалтырауын тудырса, сабырға келуге тырысып, психологиялық зақымға ұрындырған жағдайдан барынша көңіліңіз бөлінуін қадағалаңыз. 

Ақыл-ой еңбегімен айналысқан жағдайда және эмоционалды шаршағандықтан қолдардың дірілдеуі пайда болғанын сезсеңіз, миды сергітуге тырысыңыз. Эмоционалды шаршағандықты толықтай босаңсу мен медитация арқылы басуға болады. Физикалық жаттығулар жасаңыз: бассейнде жүзіңіз немесе алаңда 5-10 км жүгірсеңіз болады. 

Қолдардың қалтырауы ағзаға физикалық күш түсу салдарынан болғанда, эфир майлары қосылған денені босаңсытатын жылы ванна қабылдауға тырысыңыз. Сонымен қатар жүйкені баяу әуендер, орманның шуы, құстардың сайрауы, теңіз суының ағынын тыңдау арқылы да тыныштандыруға болады. 

Егер қолдар ауыр күш түсіру жаттығуларынан дірілдейтін болса, дереу үзіліс жасаңыз – мұндай жаттығулар бәрібір пайда әкелмейді, керісінше орталық жүйке жүйесінің бұзылуына әсер етуі мүмкін. Қалған жағдайларда, ешқандай себеп көріп тұрмаған болсаңыз немесе қолдарыңыз қандайда бір аурудың салдарынан дірілдеп жүргенін сезсеңіз, невролог пен эндокринологқа қаралғаныңыз жөн, екіншісі қалқанша безінің жұмысын тексерістен өткізеді.

Дереккөз: http://reactor.inform.kz