Қой мен қойшы (Желтоқсаншылардың рухына бағыштаймын)
Әңгіме
Желтоқсаншылардың рухына бағыштаймын.
Тау басында жалғыз қойшы өзімен өзі екіге жарылып сөйлесіп отыр…
-Осы мен неге малмен бірге мал болып, оның боғын иіскемесем тұра алмайтын болдым.
-Несі жаман, сенікі қарапайым бақытты өмір, өзіңмен өзің ың-дыңсыз күн кешу.
-Ай, қойшы, өтірік мақтау, анау, теле жәшікте сөйлеп тұрғандар қандай бақытты, сөздері қандай, өздері қандай?!!!
-Оларды қой, биік тауды алыстан көріп тамсан, жанына барсаң ой-шұңқырын көріп, қарның ашады, олар елдің алдында әдемі сөйлегенімен, сенде бар нәрсе, онда жоқ, бір килло етті пәленбай ақшаға сатып алады, Қытайдан келетін парашөк езіндісін сүт деп ішіп отыр, айранды сұрама.
-А, солай ма.
-Бақыт деген ішіп –жеу ме өзі.
-Бақыт деген кім неге қызығады, соған маңдай терін төгу, солай әр сәтті ішкі еркіндікте өткізу.
-Оларда қалаған жұмысында жүр-ғой.
-Иа, олардікі де қалаған жұмыс, бірақ көбісі күн көріс қамы, байығандары бақ, тақ, дүние таласы жандарын жегідей жеп, өздерімен өздері жанар таудай атылайын деп жүр.
-А, солай ма.
-Иә, олар өзара итше ырылдасап, жалғыз кезде іштері қасқырша ұлып, әйелін түлкіше алдап, бастығының алдында маймылша бұлаңдап, кейбір кезде өзінен төмендерге аюша ақырып, ел алдында арыстан кейіп танытады.
Қойшы төбесіндегі бұлтқа қолын соза есінеді, етекке құлдаған қойларын көрді, қолын аузына салып бір ысқырды, сар бас, алаяқ сыпра кілт тоқтап өрге қарай бұрылды, барлық қойда оның артынан жоғары қарай өрледі. Күн қиғаш қарап, көлеңкесін екі есеге ұзартты, жан-жағына қарап туған жеріне ұзақ көзсалды…
Үйсін тауы батыстан шығысқа қарай ирелеңдей, орқаш-орқаш биік шыңдарымен атақты, оң бетінде Мұңғылкүре қалашығы, Атзавот, Шабырты, Ұзынбұлақ, Тасбұлақ, Шолақ мыс, Орта мыс, Шет мыс, Қалқаты, Шилы өзек, Қобы, Текес. Оған парелель жылқы пішіндес Аттауы жатыр, батысы Қара төбеден басталып шығысы Қобыға барып тірелетін таудың күнгей беті жанға жайлы, қыста мал қыстатуға ыңғайлы сайлары оң түстікпен сол түстікке созылады, Айыр кезеңнен жылқы мойны сияқты басталып Қасым сай, Нұржұма сай (кішкене сулы сай), Құсайын сай, Әбдірақпан сай, Талды сай, Қызылтас сай, Желді сай( бұл сайдың желі тоқтаусыз соғатындықтан суық жел адамдардың көбін керең жасаған, былайғы жұрт кереңдер сайы деп те атайды), Борлысай (осы сайға дейінгі ел жазда Балықсудың жайлауына кетеді), Кеңісайға келгенде аттың жалы сияқты тау тік қырдай болады, Аттауының үстіне осы айғыр жалдан өте шығады (осыдан бастап шығысқа қарай жалғасқан сайдағы қоралар жазда тау үстіне жайлауға шығады), Қарағайлы сай, Теректі сай, Сулы сай, қалмақ Пәшке сай, Шәкір сай, Зікір сай, Қызыл Мойнақ, әр сайдың іші толған ел, бас-аяғы отыз шақырымнан асады, малдарын айдап қарашаның ортасында сайлардың арасына кіріп, науырыздың соңына ала етегіндегі жазыққа көктеуге көшеді. Бірімен бірі былай қарағанда сондай керемет, ел арасы сырттай тату болғанмен, қыс бойы «қой ұры, қойшы өтірікші» ұсақ өкпе ренішке толы. Жазда шөп шабатын мезгілден басқа уақытта бұнда пенде болмайды. Таудың үстінде аз күн ат шалдырып, адамдары мен тыныққан Қаракерей Қабанбай аттардың тез сергіп күйленгеніне қарап «Ат тауы» деп атапты деседі бұндағы жұрт. Аттауының шоқысы теңіз деңгейінен биіктігі жирма бес шақырымдай, үсті жазық, сонша биіктігіне қарамастан былқылдаған саз және бастаулар малмен жанға жетіп артылады, ұзыны он шақырымдай, ені бес шақырымдай. Шоқының оң қапталындағы Қыз мойнақтың астында атақты Текес өзені сарқырып ағып жатыр, қырғыз аулы Шолақ терек пен Көк терекке тек осы жерден асады, асу аттың ер тоқымы сыпырлып түсердей шаншылма тік және келген адам бір-бірлен шығады, үстінде тесік тас бар, сол жерде қырғыздың батыр Әтекені Қабанбайдың атқанын шалдардың аузына талай естіген. Терістігінде қобының суы сылдырап ағады.
Үйсін тауының күнгейі мен Аттауының теріскей бетінің арасы мидай жазық. Балықсу басы Шабыртыдағы саз балшықтан басталып, шығыстан бастысақа қарай ирелеңдеп ағады, судың әр иірі ұсақ балықтарға тола, солай Қаратөбенің түбіне барып құйғаннан Текеске құяды. Ел бұл маңға маусымның басында келіп, қазанға дейін жайлайды, судың екі жағын жағалай ақ шаңқан киіз үйлер, масатыдай құлпырған жазық мал мен жанға таптырмайтын құт мекен. Балықсу жайлауында жаз бойы қыз қуар, теңге ілу, жамбы ату, көкпар т.б, жайлау қызығы еш таусылмайды. Су ішінде үйір-үйір жылқы шұрқырасып, шыбындап бастарын изектейді, су жағасындағы желіде қатар-қатар тиектелген құлындар анда-санда бір кісінеп қояды, қымыздан кекірелеп, кепенің сірнесіне тойып, суға бір сүңгіп, қойына қостан көз салып, порқырап ұйқыға басады, «шөп шабытын уақыт болмасы екен»-, деп жігіттер мен келіндер тамыз таяған сайын таңның атқанын қаламайды. Жігіт ағалары шөптің алдында Талдысайға, Қотырқайға, Атзавытқа және Ұзынбұлақ пен ауданға бір барып масаңдап үйлеріне зорға оралады, онысы бір айлық шөп шабысққа асау нәпісін көндірген түрі.
Балықсудың көпірінен өте қалмақтардың құдай (бұрхан) шоқысы, әр жылы көктемде жерден шыққандай моңғолдар құдайларына сиынып малын сойып, қалың шүпіректі тау басына байлайды, ол жалаулар алыстан мен мұндалайды, бөктерінде ат жол керлеп асып жатыр, аржағы көп жасардың бұлағы, мыңғырған мал, барлығы қазақ. Балықсудың көпірінен өте қайқиған жол батпақтың болмашы асуынан өте сазды қамысты жағалап ирелеңдеп отырып, Талдысай асауының ең биік жотасына шығады, асудың үстіне шыққан адам бір демалып, ақындар өлең оқып, қайта көліктеріне мінеді, қойшы олардың төбесінен қарап отыр. Әне-міне дегенше таудың қатпар-қатпар қойнауына сүңгиді, қапталды кесіп жасаған кер жол көп айланба қабат болып төмен құлдайды, бала жүргізуші жанындағы тіс қаққан ағасына тізігінді ерксіз ұстатады, үш мың метрдей төмендеген көлік Мүсілімнің қыстауынан кейін жатағанға ілініп еңістей береді, еңістей береді, Талдысайдың аузындағы Ақдала барып бірақ тіреледі.
Осы кез бір тамаша шақ, күн ыстықта суық та емес, қойшыға рақат қандай қиялдаса алысқа қиялы жетеді. Кенет қойлар дүр етіп үркті, анадайда борсық борсалаңдап кетіп бара жатты.
***
Желтоқсанның суық желі ысқыра гуледі, тастардың арасынан басқаша дыбыс шығады. Орал тауының басында қара бұлт үйіріліп, жаңбыр тамшылай бастады, ұйтқи соққан боран жаңбырды түре қуып, ел орынға отыра қар бұрқасындатты, таң атқанша бар алқап аппақ көрпесін қымтап қалың жамылыпты. Таңғы азанның даусымен қойлар аяққа тұрды, ит ұйқыда, қойшы қораның есігін ашып қойларын өріске өргізуге келді, бір жылда бір рет, жалғыз қозы туып, тоқтаусыз сойылып жатса да, тұқымы азаймай арта берді. Ал ит жылына төрт бес рет, он күшіктен туса да, саны өспейді, ол байқұс таң атқанша қораны күзетіп, азанда қалғып кетеді. Қалың жүнді қара қой еріншектене қой бастады, қойшы текені алдыға қарай айдады, қойлар оның артынан шуай ерді, аспан көрінбейді, қар әлі қылаулап жауып тұр, күнәсіз мекеннен қара жерге пәк күйінде келген түйршіктер қойдың тұяғының астында басылады, жалғыз аяқ жолда тізілген қойлар екінші қатарға еш шықпайды, қарды бұзып сақалын сілкіп қойып ешкі жеңіл басады, қойшы қанша бишігін үйіре қуаласада қойлар тыңнан жол салмады. Көк беткейден асып алды көрінбей кетті, арты әлі есік алдында, қойшы атын жиып, түскі асын алып, үйдегі соғымға байлаған тор биемен бузаларға су бере сал деп домбалша келген қара қатынына бұйрық бере сөйледі, ол тыңдағаны да тыңдамағаны да белгісіз бір шелектегі сүтті, екінші шелекке құйып өз жұмысымен әлек, қара баласы есікті қиялап ашып: »Әке, қашан келесің?» -, деп айғай салды, әкесі үнсіз атына мініп тазысын ертіп қойдың артынан ілесті, барлық қойда есік алдындағы көк теріскейден әлдеқашан асып кеткен, жалғыз серігі радиосын ұмытып бір келіп қайта шоқырақтай жөнелді, баласы етегін желге түргізе далбаңдап бара жатқан әкесіне қарап мәз болды. Артта қалған аз қойды бишігімен сабалай, тазысын қоса қуғызып айдады, қар көрмеген тоқытылар не тауып жейміз дегендей мелшиіп қарап тұр, кәрі қақсал саулықтар жерді тарпып, астындағы сар шөпті жұлып, басын көтере тоқтыларға мойнын бұра курс-курс шайнайды, оны көрген тоқтылар оларша жерді бір, екі тарпып ештеңе жоққой дегендей озандата маңырайды. Қойдың алды етекке жетті, қолын аузына салып қойшы ысқырды, бірақ қойлар оны тыңдамай тастың арасындағы шөпті қуып барады, енді аз құлдаса Естайдың қойына қосылады, атын тасқа байлай салып борбалаңдай жүгіріп, қойларын қайырды. Тастың үстіне ат көрпесін қойып шоқиып отырды, таусылмас қиялына мініп біраз жерге барып қайтты, жалығып радиосын бұралады. Кеш бата үскірік аяз басталып, көзге түртсе көргісіз тұман шөкті.
***
Маңдайында қалы бар, көк көз кәрі арлан аузын арандай ашып аспанға қарап, тәңірісін шақырып көп ұлыды, жас бөрілер жаздай қойдың терісін жыртып, оны бірден арқасына лақтырып қатты машықтанды, қалың қар жауып, тұман түскелі олар басқаша қуанды, тас қараңғы түндегі мына дауыстан құлақтары елеңдеп кәрі қаншықтың жанына жинала бастады, тау ішін жаңғыртқан сұмдық дауыстан кәрі арланды қалың қасқыр іздеп тапты, мұрындарын айналаға соза көп искеді, көздері жанып, арлан қасқырдың артынан бүлкек желіспен ілесіп отырды, көк беткейдің басына келіп тұмсықтарын алдыңғы аяқтарына салып кәрі тарлан жата қалды, қалғандары да оның істегенін айна-қатесіз қайталап қатар-қатар тізіліп жатты, қойшының үйінің жарығы сөнді, одан соң олар тәтті ұйқының құшағына мықтап батты, қасқырлар әлі тыныш. Бір басып, екі басып қораның түбіне баспалап жетті, әдетте үй маңына ештеңе жолатпайтын, қазан бас, еңсегей бойлы, жүндес сарала сыртан мен танадай көксүр төбет қалың қасқырды көргенде үргенге шамалары келмей, қойшының үйге сүйеп қойған ескі керуетінің астына кіріп, сол жерде қалшылдап жатты, қойшы қара келіншегін құшақтап қамсыз жатыр, қойлар дүр етіп үрікті, жылқы кісінеп, сир мөңіреп жіберді, қойшы түс көргендей болды, бір жағына аунап түсті, баж етіп жылаған текенің сақалынан ала түскен жас бөрінің біреуі әп-сәтте оның ащы даусын өшірді, ап жыландай атылған жас бөрілер мен ашырқанған жауыз қаңғыбас қасқырлар қойшының қойын тамақтап, орып жатты, кәрі қаншық пен арлан қораның сыртында қарап тұр, қойшы орнынан атып тұрып, далаға шығуға әрекет жасады, әйелі: “қой, өзіңді жеп кетпесін”-, деп оған үрей салды. Жаман қатынын тыңдаған қойшы далаға шығуға қорықты, момақан қойлар жазықсыз дала бөрісінің жеміне айналды. Оны жыл бойы бағып жүрген қойшы ең шешуші кезде тілін тістеп, көрпесінің астында бүк түсіп жатты, күйеуі жоқта, бақанға мініп серттесіп, қасқырды ұрып жыққан апалары құрлы бір ерлік те жасамады, қойшы түс көрді, қой басы сарбас, алаяқ сыпыра алдында тұр.
- Сен ертең ар сотының алдында жауап бересің!
- Неге?
- Бізді саған, Алла аманат етіп берген!
- Сен жатысың мынау!
- Қасқырлар білгенін істеуде, тіпті, күнәсіз тоқтыларды да қырып тастады.
- Мен…мен… Қойшы қара терге тұншығып шошып оянды.
- Сарбас қой қойшыны бір сүзгенде басы бөлек домалап бара жатты.
Бір қора қойды қырған қасқырлар қойшының соғымға байлаған семіз биесін де жарып кетті. Бір-бір қойдан шала өлген қойды арқалаған салған бөрілер білгенін істеп, тірі қалған аз қойды алдарына салып айдап, көк беткейден асып зым-зия жоқ болды.
Таң атты, қойшы түк болмағандай орнынан тұрды, далаға шықты, екі итіне қарап: “ сендер амансыңдар ма”-, деп бажырая қарады. Тұман тоқтаусыз сусылдап жылжуда, ызғырық аяз қойшының қойын-қоншына толды, көк беткейде бірдеңе айтқысы келіп айта алмай қойшыны жек көре сырын желге сыбырлап айтты, “жаздағы жиған шөбіңді өзің жейсің бе”-, дейді қойшыға қораның төбесіндегі сауысқан тоқтаусыз шықылықтап… Күнде көк беткейдің астына келіп қойшының түрін көргісі келмей, көп тоқтап тұр…
Халық Балықбаев