Қоғамдық тыңдаудың тынысы ашылды | «Айқын» газеті

0

Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда қалаулылар Елбасының бастамасы бойынша әзірленген сот жүйесі мен судьялардың мәртебесіне қатысты конституциялық қос заң жобасын жұмысқа алды.

Мемлекет басшысы Ата заңның 61-бабының 1-тармағына сәйкес, Пар­ламенттің қарауына «Қазақстанның сот жүйесі және судьяларының мәртебесі ту­ралы» конституциялық заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» жаңа заң жобаларын енгізді. Құ­жат­тар ел Пре­зи­ден­тінің 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыруға, сот жүйесін жаңғыртуға, сот кадрларын жаңартуға және Жоғары сот кеңесін институционалдық тұрғыдан ны­ғайтуға бағытталған түзетулерді қамтиды.
Бұдан бөлек, жиында Мәжіліс «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын ма­құлдап, Сенатқа жолдады. Бұл жобаның маңыздылығын ағымдағы парламент­тік сессияның ашылуында Президент Н.Назарбаев атап өткен болатын. Мем­лекет басшысы сондай-ақ «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында да табиғи монополиялар саласында және тариф қалыптастыруда тәртіп орнату міндетін қойды.
Отырыста заң жобасын талқылау ке­зінде Мәжіліс төрағасы тариф қалып­тас­тыру және тарифтердің жоспарланып отырған өзгерісі туралы жария тыңдаулар өткізу мәселесі заң жобасында жеткілікті түрде реттелмегеніне назар аудартты. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, заң жобасында «жария тыңдаулар» ұғымы негізінен тыңдаулар өткізу туралы хабар­ламаны немесе өтіп кеткен тыңдаулар туралы ақпаратты орналастыру мерзім­дерін регламенттеу тұрғысынан ғана қолданылады. Ал тыңдаулар нәтижесінде туындайтын құқықтық салдарлар, сон­дай-ақ қоғамдық тыңдаулардың рөлі ту­ралы заң жобасында ештеңе айтылмапты.
Осыған байланысты палата спикері құжатты таныстырған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке қайы­ры­лып, кейін бекітілетін заңға тәуелді актілер деңгейінде тыңдаулар өткізудің рәсімдері мен регламентін егжей-тег­жей­лі реттеудің маңыздылығын нұсқады.
Нұрлан Зайроллаұлының байла­мынша, басты мақсат сол, ол тыңдауларда бір жағынан – табиғи монополия субъек­тісінің, екінші жағынан – қызметтерді тұтынушылардың, яғни жұртшылық пен бизнес өкілдерінің баламалы пікірлерінің ашық айтылуы қамтамасыз етілуге тиіс. Тариф бекіту осы тыңдаулардың шешіміне негізделуі шарт. Ал уәкілетті орган – монополияға қарсы комитет арбитр қызметін атқарғаны абзал.
Мәжіліс төрағасы осы мәселенің нақты пысықталуының маңызына тоқ­талып, бұл Елбасының Қауіпсіздік ко­митеті отырысында берген тікелей тап­сырмасы екенін еске салды. Сонымен бір­ге, Нұрлан Нығматулин уәкілетті ор­ган­ның тарифтерді қалыптастыру тетік­тері туралы әрбір азамат үшін түсінікті әрі қолжетімді ақпаратты орналастыруы керегін нықтады.
Заң жобасы бойынша жұмыс істеу барысында депутаттар табиғи монопо­лия­лар салаларын тарифтік реттеу әдіс­терін нақтылау, табиғи монополия субъек­тісінің инвестициялық бағдар­ламасын бекітуден бас тарту негіздері, мем­лекеттік бақылауды жүзеге асыру тәр­тібін нақтылау, тариф белгілеу теті­гінің және олардың ин­вес­тициялық мін­деттемелерді орындау мо­ниторингінің ашықтығын арттыруды қам­тамасыз ету және басқа да бағыттарда бір­қатар түзе­тулер енгізді.
Мәжіліс жиында халықаралық ке­лі­сімдерге қатысты қос заң жобасын да құп­тап, Сенатқа жолдады. Бұлар – «Еура­зиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқым­дарының айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақ­стан мен Халықаралық қайта құру және даму банкi арасындағы №8156-KZ Қарыз туралы келiсiмге (Шығыс – Батыс авто­мобиль жолдарын дамыту жобасы (Ал­ма­ты – Қорғас учаскесі): Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі) түзетулерге қатысты келісімхатты ра­ти­фикациялау туралы» жобалар.
Жалпы отырыс соңында халық қалау­лылары бірнеше депутаттық сауал жария етті.

Елдос СЕНБАЙ