Қоғамдық құрмет | «Айқын» газеті

0

Астана қаласында жыл сайын Дүниежүзілік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай дәстүрлі VI «Қоғамдық құрмет – 2018» ұлттық жүлдесі табысталды.

Әр саладағы ең үздік қоғамның дамуына үлес қосқан азаматтарға «Адал тұлға» ар­найы белгісі салтанатты жағдайда тапсы­рыл­ды. Жоғары марапатқа ие болғандар ара­сында мемлекеттік қызметкерлер, пе­да­гогтар, дәрігерлер, журналистер бар. Ұйым­дастырушылар олардың сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күресте қоғамға ой саларлық іс-шараларды өткізуде белсенді атсалысқанын ерекше атап өтті. Атап айтқанда, Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының орынбасары Олжас Бектенов, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, «Нұр Медиа» холдингі және «Астана» теле­арнасының бас директоры Ләззат Таныс­бай, Астанадағы №2 өнер мектебінің ди­ректоры Гүлмира Жангелді, ғалым Ләз­зат Құса­йы­нова, Астана қаласы про­ку­рорының орын­басары Ғабит Мұқанов, заңгер Бақытжан Базарбек марапатталды. Сондай-ақ сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытқан респуб­ли­калық бұ­қаралық ақпарат құралдары қызметкер­ле­рінің еңбегі жоғары бағаланды. Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталықтың басшысы Төлеген Байғұлов «Жыл сайын БАҚ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы мате­риалдар, мәліметтер жариялап қана қоймай, азаматтардың пара бермеу, алмау мәдениетін қалыптастыруға көп кө­мегін тигізіп отыр» деген пікірімен бөлісті.
«Адал тұлға» аталымының жеңімпаз­дарын көпшілік әлеуметтік желіде дауыс беру арқылы анықтады. Марапаттау рәсімі Дүниежүзілік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында өткізіліп отыр. Бұл марапат жыл сайын қоғамда ең белсенді азаматтарға беріледі. Бүгінге дейін «Адал тұлға» сыйлығымен 50-ден астам азамат марапатталған.

Айхан ШӘРІП

Дереккөз: Айқын