Қоғамдық даму министрлігінің шенеунігі үйқамаққа алынды

0

Қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитетінің басшысы пара алды деген күдікпен ұсталып, үйқамаққа алынды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалинге сілтеме жасаған жергілікті БАҚ хабарлады.

Бердалин комитет басшысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Астанадағы департаменті ұстады дегенмен, күдіктінің аты-жөнін атамаған. Агенттік өкілі комитет басшысының комитеттің экономика және қаржы басқармасының жетекшісі арқылы қоғамдық даму министрлігіне қарасты ұйымға «қамқорлық танытқаны және қосымша қаржыландырғаны үшін 1,9 миллион теңге пара алғанын» айтады.

Комитет басшысы қылмысын мойындап, сот оны үйқамаққа алуға санкция берген. Қазір соталды тергеу амалдары басталған.

Агенттік бұған қоса қоғамдық келісім комитеті экономика және қаржы басқармасының жетекшісі пара алу және беру қылмысын жасады деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Қоғамдық даму министрлігінің сайтындағы ақпаратқа қарағанда, қоғамдық келісім комитетінің басшысы міндетін Қайсар Жанаханов атқарады.

Дереккөз: Азаттық