Қоғам төтенше жағдайға дайын ба?

0
102

Маусымның 24-і күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймада шыққан өрт жарылыстарға ұласып, екі адам қаза тауып, ондаған адам зардап шекті. Түркістан облысы әкімі төтенше жағдай жариялап, қаладан ондаған мың адам эвакуацияланды. Аймаққа Қазақстан президенті, қорғаныс министрі сияқты лауазымды тұлғалар барып, жұртпен кездесті.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағында жарылыс болып, бір адам қазаға ұшыраған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

Арыс қаласынан қырық мыңға жуық тұрғын эвакуацияланды. Ата-аналарынан адасып қалған балаларды өзге адамдар алып кетіп, әлеуметтік желі арқылы сұрау салып, табысып жатыр. Шымкенттегі мешіт маңына жиналған кейбір тұрғын биліктен көмек болмады деп шағымданды.

Арыс қаласындағы әскери қойма жарылысы кезіндегі және төтенше жағдай жарияланғаннан кейінгі қазіргі ахуалды Азаттық аймақта жүрген тілшілер арқылы және саясаттанушы Әзімбай Ғалимен бірге талқылайды.

Маусымның 25-і күні сағат 16:00-де Алматы студиясында басталатын Азаттықтың тікелей эфирінің сарапшысы, саясаттанушы Әзімбай Ғали мырзаға сұрақтарыңызды әлеуметтік желідегі парақтарымыз арқылы жолдауларыңызға болады.

Azattyq