Қоғам белсендісі билікке үш талап қойды: Бұлар орындалмаса «ұлт сатқындарының» отставкасын талап етеміз
Қазір сенатта қаралып жатқан «Жер туралы» кодекс 48 бабында «шетелдіктерге жер орман отырғызу үшін 25 жылға жалға беріледі» деген мағынадағы норма бар. Осы бап «жерді шетелдіктерге жалға беруге тікелей жол ашады» дейді қоғам белсендісі Жанболат Мамай.
«Сенат қабылдап, Тоқаев мақұлдаса, бұл заң бірден қабылданады, оны билік іске асыруға толық мүмкіндік алады. Яғни, қазақтың жеріне қызығып, көз алартып жүрген Қытай компаниялары мен азаматтары «орман саламыз, ағаш отырғызамыз, абаттандырамыз» дейді де қалағанынша қазақтың жеріне ие болады! Ағаш отырғызып, көгалдандыру үшін жерді 25 жылға жалға берудің не қажеттілігі бар? Әлде орманды өзіміз отырғыза алмаймыз ба? Бұл биліктің кезекті құйтырқылығы. Осылайша, елді алдап соғып, қытайларға жерді оңды-солды таратып, Отанымызды саудаға салмақ! Қай ел өзінің жерін шетелдіктерге «орман отырғызуға» шетелдіктерге жалға беріп жатыр? Ондай шешімді қабылдайтын тек қана ұлт сатқындары мен Отанына опасыздық жасайтындар! Біз мұндай заңның қабылдануына түбегейлі қарсымыз!
Атырау облысы, Көптоғай аулында болып жатқан жағдай көз алдымызда. Сонау 2005 жылы шекара демаркацияланса, билік неге Ресеймен болған келісімдерді ашып көрсетпеді? Әлі де осындай құпия шешімдердің қаншасы бар? Қытаймен жасырын құжаттар бар ма? Бәлкім, онымен шекаралас аймақтардың біразын Бейжіңге беріп қойған болар бұл билік? Біздің талабымыз: шекаралас мемлекеттермен жасалған демаркациялық келісімдердің барлығын ашсын! Бүкіл келіссөздердің жай жапсары түгелдей жария болуы тиіс! Бұл құжаттарға кім қол қойды? Оған кім келісімін берді? Соның бәрін ашуды талап етеміз!
Біз билікке нақты талап қоямыз:
- Қазақстанның тек қана ауыл шаруашылығы жерлері ғана емес, барлық бағыттағы жері шетелдіктерге жалға берілмесін әрі сатылмасын! Мұны тек қана жер кодексіне емес, Конституцияға жазып, бекітуді талап етеміз!
- Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлері еліміздің азаматтарына да сатылмауы тиіс. Егер бұған жол ашылса, миллиондаған қазақ жерсіз қалмақ. Өз отнанында қонақ болып қалары сөзсіз. Сондықтан, қазақтың жері саудаға түспеуі тиіс!
- Қытайдың 56 зауытының құрылысын жүргізуге біз түбегейлі қарсымыз! Бұл елімізді отарлаудың алғашқы қадамдары. Қытайдың зауыттарының, инвестициясының артында, демографиялық экспансия, саяси ықпал ету тұр. Сондықтан, біз Қытайға кіріптар болмауымыз тиіс!
Дәл осы талаптарды дереу орындау туралы мәселе көтереміз! Егер билік мұны естімеген жағдайда, біз мерзімсіз митингілерге шығып, қазіргі шенеуніктерді «ұлт сатқыны», «Отанына опасыздар» деп танып, олардың отставкасын талап етеміз!»