ҚМДБ Мұхаммед пайғамбарды келемеждеген суретке қатысты мәлімдеме жасады

0

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Charlie Hebdo» журналында жарияланған Мұхаммед пайғамбардың карикатурасына қатысты мәлімдеме жасады.

«Соңғы кездері әлемде сөз еркіндігі мен демократия астарында жекелеген этностарды немесе конфессияларды балағаттау, кемсіту, арандату жиі көрініс таба бастады. Әрине, мұндай жағдай көпшілік елдерді, халықтарды және түрлі дін өкілдерін қатты алаңдатады. Бұл бір жақтан радикалдық көзқарас пен лаңкестікті, екінші жақтан конфессияаралық өшпенділік пен араздықты тудыруда»,  — делінген мәлімдемеде.

Осы орайда мүфтият кейбір билік өкілдерінің айтқан қисынсыз пікірі әлемдегі барлық мұсылманның ашу-ызасына себеп болғанын да ерекше атап өтті. Дегенмен, шынайы мұсылман өз пайғамбарына деген сүйіспеншілігін, оның нағыз үмбеті екенін сенімі мен ізгі істері, әдептілігі мен көркем мінезі арқылы көрсетеді.

«Сонымен қатар, мұсылмандар өз діні мен пайғамбарын қорлауға жол бермейді. Себебі, пайғамбарға иман келтірумен қатар оны қорғау да мұсылманның міндеті болып табылады. Осы жағдайға байланысты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің келіспеушілігін білдіреді және мұсылмандарды түрлі арандатушылық әрекеттерге берілмей, барлық амалдың шариғат әрі заң шеңберінде шешілуі тиіс екендігін жеткізеді», — деп атап өтті ҚМДБ.

Мүфтият еліміздегі дін өкілдері мен қарапайым халықтың кейбір саяси күштер мен түрлі радикалдық топтардың құрбаны болып кетпеуін қалайды.

«Әрбір мұсылман кез келген дін және діни қатынастарға қатысты сөз болғанда мәселенің нәзіктігін ескеріп, оны түсіндіру мен таратуда өзінің рөлі мен қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін терең сезінуі тиіс», — дейді мамандар.