ҚМДБ мешітке бармауға кеңес береді — Қазақстан жаңалықтары
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы намаз оқушыларды мешітке бармауға, ғибадаттарды үйде орындауға шақыруда. Короновирусқа қарсы сақтық шараларды күшейту үшін адам көп шоғырланған жерлерге бармаған дұрыс дейді мүфтият, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «31 арнаға» сілтеме жасап.
Діни басқарма Қазақстандағы мұсылмандарды тазалық сақтап, өз денсаулықтарын күтуге шақырып, арнайы мәлімдеме жасады, себебі шариғатта адам өзіне де айналасындағыларға зиян келтірмеуі керек деп жазылған. Тіпті дін өкілдері жұқпалы індет жайылмауы үшін карантин енгізу қажет екендігін хадистерден мысал келтіріп, түсіндіруде. Сол үшін діни басқарма ауру белгілері байқалса, қоғамдық орындарға, мешітке бармауды өтінді.
«Біз әрқашан шариғатымызда айтылғандай адам баласының өміріндегі ең қымбат нәрсе, ол денсаулығы, оның өмірі. Сондықтан адам баласы әрқашан сақтықпен денсаулығына мән беру керек», — дейді ҚМДБ уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров.
Бірінші наурыздан бастап, барлық жерде сақтық шаралар төртінші деңгейге көшті. Теміржол вокзалдары мен автобекеттер, халықаралық әуежайларда санитарлық эпидемиолог мамандар құрамы күшейтілген. Адам көп шоғырланатын орындарда тазалық құралдармен арнайы мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс. Үкімет тапсырмасында кафе, мейрамхана, демалыс орындарында тазалыққа барынша мән беру міндеттелді. Алматының халықаралық әуежайында шетелдік рейстер қатаң бақылауға алынды. Санитарлық қадағалау мамандары тәулік бойы шетелден келген ұшақтарды, әр жолаушыны тексеріп жатыр.
«Әуежайға дене қызуын анықтайтын үш арнайы құрылғы орнатылған. Бір тәулікте санитарлық мамандардың он бір адамнан құралған екіауысымы жұмыс істейді. Транзиттік жолаушылар үшін арнай бөлме дайындалды. Осында кезекші дәрігерлер бар. Ал ауру белгісі анықталған жолаушы бірден қала шетіндегі ауруханаға жіберіледі. Егер қарсылық білдірген адам болса, дәл сол маңда күштік құрылым өкілдері дайын тұр», — дейді Әуезов аудандық ҚДСБ басшысы Игорь Тен.
Санитарлық қадағалау мамандары он екі сағат бойы табжылмай қызмет етуде, тіпті тамақтануға арнайы уақыт бөлінбеген.
stan.kz