ҚКФ: Халықаралық кәсіподақтар конгресінің шешімі

0

Қазақстан кәсіподақтарының федерациясы (ҚКФ) Халықаралық кәсіподақтар конгресінің Копенгагендегі конгресте ҚКФ-ның мүшелігін тоқтатқанымен мүлдем келіспейтінін мәлімдеді. Мәлімдеме 10 желтоқсан күні Қазақстан кәсіподақтары федерациясының ресми сайтында жарияланды.

ҚКФ мәлімдемесінде Халықаралық кәсіподақтар конгресінің (ХКК) кәсіподақтар құқығын қорғау туралы үндеулерін үнемі қолдайтынын айтады.

«ҚКФ кәсіподақтардың бір ниетпен жұмыс істегенін қолдаған және қолдап та келеді» деген қазақстандық ұйым 2018 жылы сәуірде қазақстандық құқық қорғау органдары мен соттан сотталған кәсіподақ белсенділері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевтың ісін қайта қарауды сұрағанын айтады. «Бірлескен жұмыстың нәтижесінде сот шешімімен олар биыл мамыр айында түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босады. 2018 жылы мамырда ҚКФ Халықаралық кәсіподақтар конгресінің Қазақстанның үстінен Халықаралық еңбек ұйымына түсірген шағымын қолдады» делінген мәлімдемеде.

Қазақстан кәсіподақтар федерациясы бұған қоса Халықаралық кәсіподақтар конгресінің Қазақстанда кәсіподақтар құқығын қорғау жөніндегі ұсыныстары мен талап-тілектерін орындап келе жатқанын айтады. Федерация Халықаралық кәсіподақтар конгресі осыған қарамастан ұйым жарғысының талаптарын сақтамай, мүшелікті тоқтатқанын айтады.

Мәлімдемеде «Қазақстан кәсіподақтар федерациясы мүшелікті тоқтатуды дұрыс емес деп есептейді және ол Халықаралық кәсіподақтар конгресінің жарғысын өрескел бұза отырып жасалған деп санайды» делінген.

Қазақстандық федерация Халықаралық кәсіподақтар конгресінің мүшелігінен айыру немесе тоқтату шешімін ұйымның Бас кеңесі ғана шығара алатынын айтады. Қазақстан кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конгресі мүшелікті тоқтатуда заң мен ережені өрескел бұзды деп санайды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтар құқығы сақталмайды

2-7 желтоқсан күндері Копенгагенде өткен конгресте Халықаралық кәсіподақтар конгресі Қазақстан кәсіподақтар федерациясының мүшелігін тоқтатып, федерация делегациясын конгреске қатысу құқығынан айырған. Конгресс «Билік органдары басқаратын және демократия мен ХКК жарғысында айтылған ұстанымдарды елемейтін ұйымға қатарымызда орын жоқ» деп мәлімдеген.

Дереккөз: Азаттық