Қиырда қан, Отаны үшін от кешкендер…

0
53

Ерлердің есімі ел есінде. Айтылмай қалған батырлардың ерлігі аз емес. Қаңтар оқиғасы бойынша өткен мәжіліс отырысында қанды қырғынның бел ортасында болған мамандар өз әріптестерінің еңбегімен, пікірлерімен, ойларымен бөлісті.

Соның бірі полиция ғимаратын қолына қару алып, содырлардан қорғаған Алматы қаласы полиция департаментінің аға инспекторы подполковник Есенова Ботагөз Болатқызы:

«Қаңтар қақтығысының өткеніне бір жыл, сол сұмдық оқиғаға өз көзімен куә болғандар қолдан келгеннің барлығын жасадық. Біз оны біреулерден әңгіме түрінде естімедік, бейнежазбалардан көрмедік, біз соның ортасында болдық. Біз әріптестерімізбен 4-қаңтар күні әдеттегідей жұмыс орнына келдік. Жаман дүние болады деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеді. Бірақ кенет бір уақытта телефонға бірнеше қоңыраулары түсе бастады. Талап қоймайтын, бірақ тәртіпсіздікке жол беріп, көрінгеннің тас-талқанын шығарып жатқандар туралы біле бастадық. Олар Алматы әкімдігіне шабуылды бастап кеткен еді. Әрине, біз қолдан келгеннің барлығын жасадық, оперативті штаб құрдық, басшылықпен байланысқа шықтық.  Біз осы ұйымдасқан топтың алдын ала тиянақты дайындалғанын, олардың әскери сауатты өз көшбасшылары болғанын, көздерінде қорқыныш болмағанын аңғардық. Осы уақытта департамент ғимаратында болғандықтан, олар тарпа бас салып, тас лақтырып, қару қолданып, күш көрсетіп жатқанын да көрдік. Негізі кез келген қарапайым адамда оңайлықпен таманша шүріппесін баса салатындай батылдық болмайды. Тағы да бір айта кетерлік жайт, олар ештеңеден қорықпады, сескенбеді. Біз сол үш күн ішінде үйге де қайта алмадық, отбасымыздан жырақта болдық, қызметкерлерімізге, бір-бірімізге көмек көрсеттік. Өте ауыр жағдай.
Бірақ біз қорғандық, қорғадық, соңына дейін бардық. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Қолдан келгеннің барлығын жасауға бармыз» — деді.

Келесі сөз тізгінін оқиға ортасында болған Алматы қаласы #7 аурухананың реанимация бөлімшесінің меңгерушісі  Есенай Бақытжанұлы Еспенбетов жалғады:

«Қаңтар оқиғасы — бүкір қазақ халқының есінде. Әсіресе, сол қаралы күні жантүршігерлік оқиғалардың куәгері болдық. Бәрі менің есімде қалды. Өткен жыл қайғылы оқиғалардан басталды. Қанды қаңтар оқиғасы елімізді дүр сілкіндірді, ауыр сынақтар түсті. Мемлекетіміздің тұтастығына, егемендігімізге зор қауіп төнді. Жұртымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсінді. Ауыр күндері алдыңғы шепте қызмет көрсеткендердің бірі — медицина қызметкерлері. #7 ауруханың қабылдау бөлімшесіне түскен науқастардың барлығы ауыр жағдайда болды. Аурухананы белгісіз адамдар қоршап алды. Түрлі жарақаттармен түскен адамдардың кім екеніне, қандай мамандықта жұмыс істейтініне қарамадық. Ол адам көпшілігіне оқ тиген, ашық жаралармен келді. Дәрігерлер мен науқастардың тағдыры қыл үстінде болды, аурухананы қоршаған содырларға қарамастан 15 ота жасадық. Екі тәулік бойы көз ілмей күшейтілген режимде қызмет көрсеттік. Әрине, осындай жағдайда хирург, анестизиолог мамандардың адами факторға сәйкес қателесу қаупі болды. Өкінішке орай, қаншама азамат ажал құшты. Әр дәрігер қиын кезеңде жұмыс істеп қана қоймай, батыл мінездеріне адалдық танытты» — деп өз ойын қорытындылады.

Іштен шыққан жауға қасқайып қарсы тұрғандар көп. Олар антына адал болды, еліне егіліп, жұртына жығылып қызмет қылды. Қиырда қан, Отаны үшін от кешті. Ешқайсысы ұмытылмайды, ұмытпаймыз…

фото:dalanews.kz