Қимыл-қозғалысы 20 жастағы қыздыкындей ширақ 60-қа таяған апа өз құпияларымен бөлісті — Қазақстан жаңалықтары

0

Instagram-парақшасында екі жүз мыңнан аса оқырманы бар әженің белсенді өмірі кімді болсын қызықтырмай қоймайды. Жасы 60-қа таяп қалғанымен, Гүлнәр апаның қимыл-қозғалысы 20 жастағы қызбен тең. Тағамның түр-түрін жасап, оқырмандарымен бөлісіп отыратын заманауи әженің сыры неде? Stan.kz тілшісі фуд-блогер атанған Гүлнәр Құрмановамен әңгімелесіп көрген еді.

Гульнар

Денсаулығыңызды ойласаңыз, режим бойынша жүріңіз

 

–    Гүлнәр ханым, сіздің келбетіңізге қарап, 60-қа келіп қалған әже деп айта алмаймын. Мұның сыры неде? Бес баланың анасысыз. Көпшілікті қызықтыратын сұрақ: фигураңызды қалай сақтап қалдыңыз?
–    Барлық нәрсе адамның өзіне байланысты деп ойлаймын. Өз-өзін күткен адамның дені де сау болады және жетістікке де жете алады. Денсаулығыңызды ойласаңыз, онда күнделікті жоспар, режим бойынша жүріңіз. Мен кішкентай кезімнен бері қозғалыста жүрген адаммын. Тыныш отырған күнім жоқ. Екіншіден, өзімнен ештеңе аямаймын. Көңілім қалаған нәрсені жеймін. Сондай-ақ, күнделікті аз-аздан және мөлшермен тамақтанамын. 

–    Сұлулық салонына, жаттығу залдарына жиі барасыз ба?

–    Менің жасым алпысқа таяп қалды. 57 жастамын. Сенесіз бе, сұлулық салондарына өмірімде барған емеспін. Тіпті шаштаразға да бармаймын. Мен өзіме-өзім косметолог, шаштаразбын.

–    Білуімше, йогамен айналысады екенсіз, шпагатқа да отыра аласыз. Басқа тағы қандай спортпен шұғылданасыз?

–    Қандай спорт түрлері болсын, өзім үйренгенмін. Тек қыс мезгілінде уақытым болғанда төрт ай йогаға қатыстым. 

–    Бір күндік режиміңізді айтып бересіз бе? 

–    Мен таңертең 07:00-де ұйқыдан тұрамын. Көзімді аша сала бал қосылған таза су ішемін. Одан кейін есік алдына гүлдеріммен сырласуға шығамын. Бау-бақшам үлкен. Ол жерде алма, құлпынай, қызанақ, арша, қызанақ, болгар бұрышы, қияр, қызылша, баклажан, орамжапырақтардың түр-түрін, тағы көптеген жеміс-жидектер өсіремін. Арша — суды жақсы көретін өсімдік. Сол себептен таңертең және кешке міндетті түрде су қоямын.

Міне, менің күнім бау-бақшаны суарумен басталады. Әр өсіп тұрған гүлдерім мен жеміс-жидектеріме рахметімді айтып шығамын. Осындай бау-бақша берген Жаратушы иеме алғысымды білдіремін. Содан кейін ғана таңғы асқа отырамын. Бұрыннан таңертең ботқа (каша) жегенді жақсы көремін. Әлденіп алған соң, өсімдіктерімді тазалауға қайта бау-бақшаға шығамын. Ал түскі асты әрқашанда сағат 13:00-де ішемін. Одан ерте, кеш қалмауым керек.

Тамақтанғаннан кейін ғана Instagram үшін жарты сағат видео түсірілімдерімді жасаймын. Ары қарай жұмысқа кетемін. Міне, менің режимім осындай.

Гульнар Курманова

Телефонға немесе теледидарға үңілмей, көбірек қимылдаңыз

 

–    Сізбен қатарлас кісілерге және жас қыз-келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз? Өзіңіз секілді мәңгі жас болып қалу үшін не істеу қажет? Әсіресе 40-50 жастан асқасын қандай кеңес бересіз, не ішіп, не қою керек? Денсаулығында не нәрсеге назар аудару керек?

–    Қыз-келіншектерді әрдайым қозғалыста болуға шақырамын. Телефонға немесе теледидарға үңілмей, көбірек қимылдаңыз. Жиі қозғалыста болғаннан кейін де адам өзін жеңіл сезінеді. Ол ғана емес, дене сымбаты да әдемі болады. Күнделікті жейтін тамағыңызға назар аударыңыз. Дүкендегі азық-түліктер тек қоспалардан тұрады. Олар денсаулыққа кері әсерін беріп қана қоймайды, адам ағзасына зиян. Сондықтан мен газды сусындар қолданбаймын. Барынша табиғи өнімдерден жасалған тағамдарды жеңіз.

Әсіресе, 40-50 жастан асқаннан кейін әйел өзіне көбірек күтім жасай бастауы керек. Яғни, тұзды және ащы, майлы тағамдарды мүмкіндігінше аз жеу, әрі жеңіл тамақтануға тырысыңыз. Жеміс-жидек көп жеу керек.

Мемлекетке немесе туған-туыстарыңа үміт артып отырғаныңнан ешнәрсе шықпайды

–    Instagram-да фуд-блогерсіз. Қарасам, 219 мың оқырманы бар әжесіз. Блогерлікке қалай келіп жүрсіз?

–    Мен өзімді блогер боламын деп ойламаппын. Негізі фуд-блогер де мамандықтың түріне жатады. Бірақ мен технолог және аспаз емеспін. Дегенмен отыз бес жыл ас үйдің маңайындамын. Бір жыл бұрын қызыма маған парақша ашып беруін сұрадым. Сөйтіп өзім өсірген гүлдерімнің суретін бөлісе бастадым. Одан кейін күзгі дайындаған салаттарымның видеосын сала бастадым. Сол кезден бастап оқырмандарымнан қызығушылық танытқан хаттар келе бастады. Кейбір кісілерден «фуд-блогер неге болмайсыз?», «Парақшаңыз қызықты» деген ұсыныстар алдым. Алайда, фуд-блогер болу ойымда болмады. Қарасам, бір күні оқырмандарымның саны он мыңға жетіпті. Солай ақырын-ақырын фуд-блогер атанып кеттім.

Гульнар фуд блогер

–    Сіздің Instagram-парақшаңызды алғаш кірген адам «Тамақ пісіріп, бақшаға қарап, видео түсіруге қалай үлгереді?» деген ойға келеді. Шынымен де мұның бәрін істеуге қалай үлгересіз?

–    Тәртіп пен талап болған жерде барлығы оңай шешіледі. Мен бәрін алдын-ала жоспарлап қоямын. Әр нәрсені махаббатпен жасаймын. Тамақ пісіріп, оны видеоға түсіргенді, білгенімді басқаларға бөліскенді ұнатамын. Мұның бәрін ешуақытта фуд-блогер атағы үшін жасаған емеспін.

–    «Бақытты адамның әрдайым жүзі күлімдеп тұрады» дейді. Сізді көріп сондай ойға келдім. Бақытты болудың кілті не?

–    Бақыттың кілті – еңбек, шыдамдылық, сыйластықта деп білемін. Жаратушым маған өмір сыйлады. Мен үшін осының өзі – бақыт! Отбасыммен өткізген әр күнімді бақыт деп есептеймін. Бақыт – ол сұлулық. Ал сол сұлулықты біз өз қолымызбен жасай аламыз. Адам бұл өмірде тек өзін жетелеп, өзіне ғана үміт артуы керек. Мемлекетке немесе туған-туыстарыңа үміт артып отырғаныңнан ешнәрсе шықпайды. Өзің әрекет қыл! 

–    Болмысыңыз, түріңіз де, өмір салтыңыз да дәстүрлі қазақ әжесіне ұқсамайды. Біздің қазақта «немерелірн бағып отырмай ма, не тренажер, не фигура керек, орамал тақпағаны несі?» деп сынайтындар бар. Оларға не дер едіңіз?

–    Сізбен келіспеймін. Кәрілік деп 80-90 жасқа жақындағандарды айтса болады. Әрқашанда формада жүрген дұрыс. Ал ол үшін өмірде белсенді болу, әдемі, әрі өзіне жарасымды киіну, денені тік ұстап жүру керек. Кейін әжелер секілді орамал тақсам да оны көрікті, сәнді етіп байлайтын боламын (күлді). Сол себептен кәрілікті қорқынышпен қарсы алмау керек.

Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН
 

stan.kz