«ҚДТ қозғалысына қатысты» деп айыпталған зейнеткердің ісі аяқталды
27 ақпанда Талдықорған қылмыстық істер сотында отставкадағы полиция майоры 68 жастағы Болатхан Жүнісовтің үстінен «сот тыйым салған ұйымдардың қызметіне қатысу» бабымен қозғалған іс бойынша сот процесі аяқталды.
Жүнісовке 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан билігін жиі сынайтын Мұхтар Әблязовтің тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жұмысына қатысты» деген айып тағылған.
Куәгерлер мен айыпталушыдан жауап алынғаннан кейін сот жарыссөзге көшті. Жарыссөзде бірінші болып сөйлеген прокурор Марат Абуов, айыпталушының кінәсі сотта толығымен дәлелденгенін айтты. Жүнісовтың бұрын жауапқа тартылмағаны мен оның зейнет жасында екені жазасын жеңілдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Дегенмен былтыр жазда прокурорлар айыпталушыға ескерту жасағанын, яғни ол «қылмыстық заңбұзушылық жасап жатқанын» білгенін де ескертті. Сондықтан прокурор Абуов соттан Жүнісовке бір жылға бас бостандығын шектеуді сұрады.
Сотталушы Болатхан Жүнісовтың Азаттыққа айтуынша, ол соттан өзін ақтауды сұраған. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Оның сөзінше, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы деген экстремистік ұйым жоқ, себебі ол тіркелмеген. Сондықтан Жүнісов соттан Конституциялық кеңеске ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп тыйым салған Астананың Есіл аудандық сотының шешімін тексеруді сұрап, өтініш айтқан. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ.
Жарыссөзден кейін судья Құралай Дарханова іске қатысты үкімді бейсенбі, 28 ақпанда жариялайтынын айтты.
Айыптау актісінде «2018 жылдың қыркүйегінде Жүнісов Telegram желісіне «Муса Ракым» логинімен тіркелген. 2018 жылдың 13-24 қарашасы аралығында Facebook-те «Bolathan Zhunussov» атымен Мұхтар Әблязовтің бейнесі бар, ҚДТ ұрандары жазылған жазбаларды жиі жариялаған. Сондай-ақ Telegram-да ҚДТ-ны қолдауға шақырған аудиофайлдармен тұрақты түрде бөліскен» деп жазылған.
Айыптау тарапы «Қылмыстың жеңіл түрін алғаш рет жасағанын мойындап, шын өкінетінін айтса» Болатхан Жүнісовтің қылмыстық жауапкершілігі мен жазасы жеңілдеуі мүмкін» деді.
Жүнісов айыбының «дәлелі» ретінде прокурорлар Астанадағы Есіл аудандық сотының 2018 жылы 13 наурызда ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп тану туралы шешімін келтіреді.
Болатхан Жүнісов – ҚДТ-ны қолдағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылып жатқан бірінші адам емес. Қазақстанда осыған ұқсас оннан аса іс қаралған. «Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты» деп айыпталғандардың кейбіріне түрме жазасы кесілген. Кінәсін мойындап, өкінетінін айтқан азаматтарға бас бостандығын айырудан басқа жаза тағайындалған.