Қазынасын түгендеген Шыңғырлау
– «Шыңғырлау – орыстанған өңір, қазақылығы аз аймақ» деген тұжырым Кеңес өкіметі жылдары қалыптасып қалғаны рас. Бірақ тәуелсіздік таңы атқалы жағдай өзгерді. Халықтың санасы жаңғырды. Бүгінде аудан халқының 90%-ы – жергілікті ұлт өкілдері. Кезінде Лебедовка, Константиновка, Новопетровка, Полтавка, Лубенка аталған елді мекендер түгелімен тарихи атауын қайтарып алды. Біз бүгін аңыз болған Аққұмы, Торыатбасы, Қыземшек, Сарқырама сынды жеті кереметі бар, абыз Асан қайғы баба туған Шыңғырлаумыз! – деп мақтанамыз, – дейді Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев.
Альберт Темірболатұлының мақтанса мақтанатындай жөні бар. Ауданда ұлттық танымды, тарихи сананы жаңғыртуға арналған жұмыс жүйелі жүріп келеді. Өткен жылы Қазақстан халқының тілдері күніне және Астананың 20 жылдығына арналған тіл фестивалі аясында «Өңірдің ономастикалық келбетін ұлттық танымға сәйкестендіру жұмысын белсенді жүргізген «Үздік аудан әкімі» аталымымен де Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев марапатталды.
– Бұрын елді мекендердің атауын өзгерту, тарихи қалпына келтіру ісі оңай болатын: жергілікті халықтың қолдауын алған соң аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысының ортақ шешімін облысқа жолдайтынбыз. Сөйтіп облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының ортақ шешімімен ауыл атауы өзгере қоятын. Біз Шыңғырлау ауданындағы Лебедовка ауылына – Сегізсай, Константиновкаға – Аққұдық, Новопетровкаға – Қарағаш, Марксизмге – Торыатбасы, Правдаға – Ұрысай атауын осылай бекіттік. 186 көше атауы өзгертілді, – деп еске алады сол кездері Шыңғырлау аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарған, бүгінде Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Тілеген Қалиев.
Қазір елді мекендер атауын өзгерту туралы шешім Астанада, республикалық деңгейде қабылданатын болды. Соның өзінде Шыңғырлау отарлық кезеңнің куәсіндей болған Полтавка, Белогор, Лубенка атауларын тиісінше Ардақ, Ақтау, Ақшат деп өзгертіп үлгерді. Мұның бәрі тарихи, жер бедеріне, ел ұғымына сәйкес келетін, жергілікті тұрғындардың көңілінен шыққан атаулар екенін айта кетейік.
Жақында Шыңғырлау ауданының орталығында әйгілі абыз Асан қайғыға ескерткіш орнатылды. Ол туралы ақпарат «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.
Әрине, Асан қайғы бейнесі бар қазаққа ортақ тұлға ғой. Дегенмен шыңғырлаулықтар желмаясына мініп, Жерұйық іздеген Асан бабаны өзгеден жақын тартады. Оның себебі де бар: ескі жырларда, ел жадында қалған толғауларда Асан қайғының отаны, жайлаған жері – Шыңғырлау, Торыатбасы делінетін дерек кездеседі. «Қарғабойлы Қазтуған» жырының:
Асан қайғы көшкен жер
Шыңғырлау, Торыатбасы еді,
Қыземшекті Сарышоқы
Осы судың қасы еді.
Асан қайғы туғанның
Бөлінген жері осы еді…» – деген жолдары Шыңғырлаудағы ескерткішке қашап жазылғаны да сондықтан.
Жақында Шыңғырлауда Асан қайғы есіміне байланысты тағы бір үлкен шара өтті. «Асан қайғы аялдаған аяулы мекен – Шыңғырлау!» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, оған жергілікті ғалымдардан бөлек Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау өңірінен тарихшылар шақырылды. Ғылыми-практикалық конференция барысында «дала философы» атанған бабаның шығармашылығындағы патриотизм, ел бірлігі, ел тыныштығы мәселелері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен ұштасып жатты.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Айнұр Ешниязова Асан қайғыны адамзаттық деңгейдегі Будда Гаутама тұлғасымен салыстыра суреттесе, жергілікті журналист Қаршыға Елемесов «Асан қайғы бабамыздың Шыңғырлауға қатысы туралы» баяндамасы да кәсіби ғалымдарды терең ізденісімен тәнті етті. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр кейбір ұғымдарға, әсіресе «Қайғы» сөзінің мағынасына талдау жасады. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ағиләш Ниязғалиева «Асан қайғы шығармаларының тілі» тақырыбында сөйлесе, Шаһмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инженеринг университеті қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әлия Жеткізгенова «Асан қайғы болжамдарындағы ақпараттар мен тарихи-мәдени сипаттар» туралы тақырыпқа тоқталды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы филиалы директорының орынбасары, тілші-ғалым Болат Жексенғалиевтің ұлттық тіл мен ұлттық жазу туралы тұжырымдары да көптің көңілінен шықты.
Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Қаршыға Елемесов осылай дейді. Бұл пікірмен келіспеуге болмайды.
Кеңес өкіметі жылдарында Орал облысының шекаралық аудандарында бірде-бір аудандық музей болмапты. Бірен-саран ашылған музейдің өзі Ұлы Отан соғысы тарихынан әрі тереңге бармады.
Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланған тұста, Қазақстанда рухани сілкініс болғаны рас. Сол сілкіністің бір нәтижесі – Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашылуы дер едік.
Бүгінде Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашылғанына бір жылдай уақыт болды. Аз уақыт ішінде мұнда 1500-дей жәдігер жинастырылған екен.
– Жәдігерлердің әрісі ес білмес ескі замандардан жеткен зіл сүйектері, неолит дәуірінің тас құралдары, қола, жез, темір заттар, тот жеп, топырақ тоздырған қарулар археологиялық бөлімді толықтырып отыр. Тарих бөлімінде Шыңғырлау жерінде болған оқиғалар, 1836-1938 жылдардағы халық-азаттық көтерілісінен қалған көне қару-жарақтар, «Рухани жаңғыру» аталатын келесі бөлімде халықтық болмыс, дәстүр, қолөнер тұрғысында көптеген жәдігерлер жинақталған, – дейді бізді жәдігерлермен таныстырған Қаршыға Елемесов.
Бір ерекшелігі, музейдегі әр жәдігер жанында арнайы QR-код қойылған екен. Осы код арқылы жалпы музейдің және әр жәдігердің толық тарихымен танысуға болады.
– Музей жәдігерлерінің көпшілігін жергілікті халықтан жинадық. Шынын айтсақ, ел ішінде де құнды бұйым қалмаған. Шыңғырлау жері ежелден адамдар қоныстанған, зерттеушілер назарына ерте іліккен, 1960 жылдардан бастап археологиялық қазба жұмыстары жүйелі жүргізілген өңір ғой. Бірақ осы қазба жұмыстарынан бірде-бір бұйым аудан аумағында қалмапты, – деп өкінеді музей директоры Тілеген Қалиев.
Реті келгенде айта кетейік, Шыңғырлауда Сегізсай деп аталатын ғажайып өңір бар. Ғылымда Лебедовка атауымен еніп кеткен осы бір шағын алқапта бірнеше жүз оба – сақ-сармат-савроматтар кешендері сақталған. Осы жерде 1964 жылдан бастап Мәскеу, Челябі, Орынбор, т.б. бүкілодақтық экспедициялар келіп, жыл сайын қазба жұмыстарын жүргізген. Сегізсайдан табылған талай құнды жәдігер сөйтіп жан-жаққа әкетілген. Бұл жөнінде «Сарматтар сарқытындай Сегізсай» деген мақаламыз «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған болатын.
– Енді бұлай болмайды. Біз Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетімен бес жылға меморандумға қол қойып отырмыз. Осы меморандум негізінде университет Шыңғырлау ауданында орналасқан түрлі ғасырлардың обалары мен үйіктеріне археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылады, – дейді Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев.
Бұдан бөлек, Тілеген Қалиев биылғы мамыр айында Сегізсайда далалық семинар өткізу жоспарланып отырғанын айтады.
– 1964 жылдан бастап Шыңғырлау ауданы аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген қазір көзі тірі ғалымдарды іздеп тауып, телефон арқылы сөйлесіп жатырмыз. Қазірдің өзінде Челябі, Волгоград, Орынбор, Мәскеу қалаларымен хабарласып, алдын ала келісіп отырмыз. Сөйтіп біз бұған дейін жасалған зерттеу жұмыстарының нәтижесін толығырақ біліп, сол кезде табылған құнды жәдігерлердің ең болмаса көшірмесін жасағымыз келеді. Бұл жоспарды аудан басшылығы қолдап отыр, – дейді Тілеген Кенжетайұлы.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/