Қазына жинаған қаламгер – Мұзафар Әлімбаев

0

Жиған-тергенін оқырманға да үйретіп, өзі де сол халық­тан үйренді. М.Әлім­баев халық мұра­сын ерінбей жинау­шы және оған өз жанынан үлес қосу­­шы ғана емес, фольклорлық шы­ғар­­маларды жан-жақты терең зерттеп, пікір айтушы ғалым да. Оған жазу­шы­ның «Көңіл күнделігі», «Абайды қай­та­лап оқығанда» деген эсселері мен тіл таза­лығы, ұлт мәдениетінің проблемала­ры төңірегінде жазған мақалалары, 1994 жылы «Рауан» бас­пасынан шыққан «Халық – ғажап тәлімгер» атты педагогикалық ой-түйіні, халық педагогикасының қыры мен сыры туралы тебірене жазған ғылыми еңбектері куә.

М.Әлімбаев фольклорлық шығар­ма­ларды шығарушылар мен оны біздің дә­уі­рімізге жеткізушілер туралы да өзіндік ой-пікірлер білдірген. Мысалы, ол терме­шілер мен жыршыларға халықтық қазы­на­ны насихаттаушылар, жыршылар деп қараса, құйма құлақ қарияларды мақал-мәтел, аңыз-әңгімелерді көп білетін халық­тық қазынаны сақтаушылар деп са­найды. «Осындай айтқыштар аза­­йып барады», «Аға буын өкілдері кәрі адамның тісіндей сиреп барады, қара жерге қайтпас сапар шеккен қария­лар­дың ішінде қанша қазына бірге кө­ш­іп, бірге өшіп жатыр» деп өкініш білдіреді. «Надандықтан қашан арыламыз? Халықта барды, бұрынғылардың асыл­дарын жинап, табуды, бағалауды қа­шан үйренеміз» деп қынжылды.

М.Әлімбаевтың фольклорды зерт­теу­дегі тағы бір ерекшелігі – қазақтың мақал-мәтел, қара өлеңдеріндегі афоризм сөз тіркестерін көрші орыс, өзбек, татар, қырғыз, моңғол тілдеріндей ұқсас сөз тіркестерімен салыстыра зерттеп қарастыруында. Мысалы, «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген Абайдың афоризм сөзінің моңғол тілінде де бар екенін, олардың «талант», «дарын» дегенді «билиг» дейтінін дәлелдейді. Немесе Сократтың «Кого не бьет слово, того не будет бить и палка» деген сөзінің қазақтың «Таяқ еттен өтер, сөз сүйектен өтер» деген мақалына мағынасы жақын екенін айтады. Сондай-ақ орыстың «С кем венчаться, с тем и кончаться» дейтін мақалына қазақтың «Кіммен қарайсаң, сонымен ағарасың» деген мақалымен мазмұн жағынан өте жақын екенін сөз етеді.

Мұзафар қазақтың бата-тілек өлең­де­ріне талдау жасай келе, «Қарашай хал­қының фольклорында бата-өлең поэ­зия жанрының бір түрі болып саналады» дейді. Міне, бұлар әр халықтың фоль­клорлық шығармаларын салыс­ты­ра зерттеу ұлттық мәдениеттің сабақ­тас­тығын, оның экономикалық және мә­дени-әлеуметтік жағдайларымен бай­ланысты көрші елдердің бір-біріне әсер етуінен болатынын аша түсетін фак­ті­лер. М.Әлімбаевтың «Халық – ғажап тәлім­гер» деген осы көпжылдық ғылыми-зерттеу еңбегіне сүйене отырып, қазақ халқы­ның мақал-мәтелдері мен қара өлең­деріндегі халықтық қағидалармен ұлы ақын Абай поэзиясындағы аза­мат­тық, ағартушылық тағылымдар хақында арнайы сөз қозғап, сол еңбекке жеке тоқта­­лып талдау жасауды қажет деп таптық. 

 Кітап бес тараудан тұрады. I тарау «Ұлы сөзден ұлағат» деп аталады. Автор ха­лық тағылымдарының фольклорлық шығармалардан, этнографиялық материалдардан, ұлттық салт-дәстүр мен ойын түрлерінен өзекті орын алу себебін аша келіп, оның халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты өрбіп, бала тәрбиелеудегі педагогикалық мақ­сат-мүддеден туындайтынын жақсы ашып көрсеткен. «Ұл он беске келгенде, қолға ұстаған қобызың, Ұл он бестен асқан соң, тіл алмаса, доңызың», − деген мақал-мәтелдерді тал­дай отырып, бала тәрбиесі ата-ана­ның өзіне байланысты екенін, дұрыс тәлім-тәрбие бере білген ата-ана оны бабына келтіріп, қолға ұстаған музыкалық аспаптай сайрата білетінін, ал дұрыс тәрбие бермесе, баланы бұзып алып, кейін опық жейтінін ескертеді. Бұл пікір ойшыл ұлы педагогтардың «тәрбиеде үлкен мән-мағына жатыр. Оны елін сүйер нағыз ер ету де, қолынан ештеңе келмес ез ету де тәрбиеге байланыс­ты» деген ұлағатты өсиеттерімен ұштастырады.

Қазақ халқының ежелден ұл тәрбиесі мен қыз тәрбиесін бөліп қарауы, бала тәр­биесіндегі отбасының, жолдас-жора­ның рөлі де автордың назарынан тыс қалмаған. Мұзағаң көп бала тәрбие­леп, шынайы ұстаз бола білген ата-аналардың өмір тәжірибесінен орынды мысалдар келтіре отырып, ойын тиянақтап түйе білген.

Бір өкініштісі, бүгінгі күнге дейін отбасы үлкендерінің баланы 40-қа келгенше бала деп өбектеп қарап, шырылдап бәйек болатыны немесе «Айттым – бітті, кестім – үзілді» деп өктем сөйлеп, өз сөзін үкім ретінде қолданатын ата-аналардың да бар екені белгілі.

Автор бұл жерде бала тәрбиесі бақ ағашын күтуші бағбан ісімен пара-пар екенін айта келе, халқымыздың «баланы беске дейін патшаңдай қара, он беске дейін көмекшіңдей сана, он бестен асқан соң ақылшы, досым деп қара» деген ұлағатты өсиетін естен шығармау керектігін орынды еске салады.

Кітаптың II тарауы «Ер есімі ел есінде немен сақталады» деген пікірді пайым­дау­ға арналған. «Тәрбиенің тілден баста­ла­тыны», «Мақал – сөздің мұнарасы» екені, көсем сөзді көпшіліктің сары алтындай сақтауы, сөз бастаған шешенді қол бастаған көсемнен кем бағаламауы, білім мен өнердің оқу, тоқу, талпыну арқылы келетіні, «Білімсіз бүлдіреді, ата-анасын күйдіреді», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ», «Оқу шала естіні бүтін етеді, ал бүтін естіні дана етеді», «Жастықта алған білімің – қарт­тық­тағы мүлігің», «Білім алмай, болдым деме, еңбек етпей, толдым деме», «Білімге өміріңді байла» деген халық қағидаларын ұсына отырып, білім мен тәрбиенің ордасы мектеп, ал білімгер ұлы тұлға – ұстаз екені, халықтың осы ойды «Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады», «Өнегесіз өсу жоқ, ұстазға қояр талап көп» дей келе, халық­тың ұстаз бойынан білімділік, әділдік, талап қойғыштық, ұстамдылық сияқты қасиет­тердің үнемі көрінуін қалайтынын жазады.

III тарау «Отан үшін күрес – елге тиген үлес» – деп аталады. Автор бұл тарау­да «Елім деп еңіреген ұлдың» алдына халықтың қояр талабын талдап бере білген.

 Ер елдің ық жағының қаласы,

 Жел жағының панасы.

* * *

 Батырдың атын жау шығарады, 

 Бидің атын дау шығарады.

* * *

 Батырды «батыр» дейді күшін көрген,

 Ұстаны «ұста» дейді ісін көрген –

деген мақал-мәтелдерді дәлел ете келіп, ерліктің тәрбиеден туындайтыны, «ерліктің білекте емес, жүректе» екені, ар-намыс ерліктің жүректегі отын тұтатар оттығы екені, елін сүйген аза­мат­тың ер болатыны, ел танымас ес­кер­усіз қалған ерліктің жоқ екені нақты мы­салдармен жақсы талданған.

Автор сөз еткен мәселенің бірі − тек­тілік (ген). Ал халықтық мақал-мә­тел­дерге жүгінсек, «Тегін білмеген − тексіздік», «Тегін білген − елін де біле­ді» деп, тектілікке ерекше мән бере­ді. Шоқан, Ыбырай, Абай, Мұхтар сияқ­ты ұлы кемеңгерлердің де текті жерден шығуы, өскен орта, ата-бабадан, әке-шешеден алған тәлім-тәрбиесінің нәтижесінде, олардың әлемге аты әйгілі ұлы тұлға болуының өзі – бір жағынан шыққан тегінде жатқанын бұрын жасқанып айта алмасақ, бүгінде мақтанышпен айтатын болдық. Ата-бабамыздың текті жермен құда болуы, «Анасын көріп қызын ал» деуі, ез, ынжық ұлды «тегіне тартпаған жетесіз» деп жекіріп, сөгуі бекер емес. Бүгінде ата-анасын, шыққан ұлтының тегін біл­мейтін, тіпті ана тілін менсінбейтін жете­сіздікті осы тексіздіктен деп қараған жөн дейді.

Туған халқының тіл құдіретін бағалай білу­ге, «Қара өлең» деп аталатын поэзия інжулерін талдауға арналған IV тарауда «Қазақтың қара өлеңі қалғымай, қасқайып төрде отырған төбе бидей елестейді» деп, Мұзағаң өте орынды айтқан.

Қара өлеңдерде кездесетін тәлім­гер­лік афоризм сөздердің көптігін және оның нәрлілігін автор дөп тауып, терең талдай білген.

 Мысалы:

 Орынды, өнер, білім дәмін тату,

 Жігітке жараспайды қарап жату.

 Бүгінгі күн еңбекпен өткізбесең,

 Ертеңгі күнге қиындау жауап қату.

 Ақылсыздың еш сөзі мақұл болмас,

 Екі туып болсаң да бір қалғаның 

 Еңбегіндей өзіңнің жақын болмас –деген өлең жолдары тұнып тұрған ақыл, таптырмас нақыл екенін дәлел­дей­ді.

 «Абайдың аңсағаны қандай азамат?» – V тараудың тақырыбы. Автор халықтық бай қазына ауыз әдебиетінен, оның асыл өрнекті сөз өнерінен нәр алып, сусындаған ойшыл-ғалым, ұлы ақын Абайдың «сегіз қырлы, бір сырлы», «толық адам» тәрбиелеудегі алдына қойған кредосына оның өзінің өлең жолдарынан мысалдар келтіре отырып жауап берген. Абай поэзиясының халықтық қазына – ауыз әдебиеті асылдарымен шығармашылық өзектестігі, педагогикалық көзқарасының халықтық педагогика қағидаларымен үндестігі өте жақсы пайымдалған.

VI тарауда әр жылдардағы поэзиялық өлең жолдарында ой түйіндеген мақал-мәтел боларлық афоризм сөздерінің төрт жүзге тарта шумағын топтап беріп, автор өзінің тәлімгерлігін танытқан.

Артына өлшеусіз мол мұра қал­дыр­ған Мемлекеттік сыйлықтың ие­ге­­рі, Қазақстанның халық жазу­шы­сы М.Әлімбаевты мәңгі есте қалдыру мақсатында айтар тілектеріміз төмен­дегі­дей: біріншіден, балалар әдебиетінің көрнекті классигі М.Әлімбаевтың туған жері Павлодар облысы, Качир ауданында бір орта мектептің атын берсе, сондай-ақ өзі оқып бітірген Павлодар педучилищесін М.Әлімбаев атымен атаса, оның атына Павлодар, Астана, Алматы қалаларының бір көшелерінің аттарын беру ескерілсе демекпіз. Балалар әдебиетінің көрнекті шығармаларына М.Әлімбаев атында бәйге жариялап отыру ісі де қажет сияқты. Алдағы жылдары М.Әлімбаевтың 1994 жылы баспадан шыққан «666 мақал-мәтелдер» атты жинаққа, «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған 1996-2015 жылдардағы мақал-мәтелдерді қосып, «М.Әлімбаевтың 990 мақал-мәтелдері» атты жинақ шығарса орынды болар еді.

Серғазы ҚАЛИҰЛЫ,

Қазақ қыздар педагогикалық университетінің профессоры,

педагогика ғылымдарының докторы

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз