ҚАЗЫБЕК ИСА: Жазықсыздарды азаптағандар қатаң жазалануы қажет!

0
146

Жаңаөзенде басталып, жалпы елді қамтыған ереуілде көшеге шыққан халық бейбіт шеруге ел қамы үшін шықты. Кейін Алматыдан бастап, көп қалаларда бейбіт шерушілерге күмәнді топтар қосылып кетіп, арты қанды бүлікке айналды.

Ал енді ереуілге шыққандары үшін ғана жастарымыз жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталып жатқандары туралы көптеген нақты мәліметтер мен видеолар келуде. Әлеуметтік желілерде де жиі жазылуда. Арасында осындай түрмеде азаптаулардан өліп кеткендер туралы да ақпараттар бар!

Өткенде жазғанымыздай, біздің “шаш ал десе, бас алатын” полицейлер ереуілшілерді заң бұзбауға шақырған заңгер, әділдік үшін күрескен әйгілі сот істерімен белгілі адвокат Абзал Құспанның өзін де бес күн отырғызып қойғасын, қарапайым халықты қалағанынша түрмеге тоғытқаны анық болып тұр…

Тіпті, олардың ішінде митингіге қатыспай-ақ, ауруханада өз жарақатымен жатқандарды тұтқындап алып кетіп, түрмеде азаптау қандай заңға, қандай адамдыққа жатады?

Мысалы, бізге келген видео-мәліметте шалғайдағы Шардарадан Алматыға жұмыс іздеп барып, үй жөндеумен айналысып жүрген Сүндет Тоғайбайұлы Түрікпенбай
5-і күні түстен кейін Төле би -Байтұрсынұлы көшелеріндегі поликлиникада дәрігерге қаралып, анализдерін алып, үйіне бара жатқанда аяғына оқ тиеді. Қансырап жатқан ол #12 ауруханаға жеткізіліледі. Оны осында емделіп жатқан жерінен 8-ші қаңтар күні түрмеге алып кеткен. “Алаңда болдым” деп мойында” деп, ұрып-соққан. “Ешқандай митингіге қатыспаған, ауруханада жатқан менің балам СИЗО-18 түрмесінде неге жатыр?”-деп, көз жасын көл етіп еңіреп, қайта-қайта талып қалып жатқан анасының видеосын көргенде шыдап тұра алу мүмкін емес! Әке-шешесі жалғыз сиырын сатып адвокат жалдап Алматыда жүр енді…

Қан ішкендер құтылып, қарап жүргендер тұтылмауы тиіс! Тек қылмыс жасағандар ғана жазасын алуы қажет!

Нағыз содырларға тосқауыл қою қолдарынан келмеген құқық қорғау органдары енді жазықсыз жастарға ойларына келгенін жасап жатқаны жанымызды ауыртуда.

Көшеде көлденең содырлардың сойылын жеп, қаңғыған оқтан жарақаттанған жазықсыз жандар енді полицияда да соққылар жеуін шұғыл тоқтату тиіс!
Ереуіл күндері көшелерде болған қанды қырғын енді түрмелерге ауысқаны не масқара!
Қылмысты жасаған полицейлер қатаң жазаларын алуы керек!

Бұлардың бәрі елдің қатты ашу-ызасын туғызуда! Бұндай қылмыстар нағыз арандату, мемлекетке, Президенттің саясатына қарсы қасақана жасалып жатқан қарекеттер деп қабылдаймыз!

Өйткені, ел ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ереуілге шыққандарға жала жабылып, жазықсыз жазаланбауын, әрбір істің әділ қаралуын, тіпті айтарлықтай қылмысы жоқтардың жазаларын жеңілдету керек деген талабына қарама-қарсы жасалып жатқан қарекеттерге куә болуда.

Ереуілден кейін елде болып жатқан мұндай адам құқын аяққа таптау фактілерін Бас прокуратураның өзі де растап отыр.

“Қазақ үні” ұлттық порталында жарияланған ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжановтың баспасөз мәслихатында берген мәліметі бойынша әзірге 91 шағым түскен. Кей жағдайларда азаматтардың құқығы бұзылғаны расталған. 12 қаңтарда Алматыда заңсыз қамауда отырған 24 қала тұрғыны босатылған.
Ұсталғандарға қатысты адам өлімі, азаптау, билігін асыра пайдалану деректерімен қылмыстық істер тергелу үстінде. Республика бойынша осындай 16 қылмыстық іс басталған.

Бұндай бассыздыққа Бас прокуратурадан бастап мемлекеттік қадағалаумен бірге қоғамдық бақылаулар орнату керек! Бұл бағытта Абзал Құспан бастаған адвокаттар комиссиясын және қоғамдық бақылауларды қолдауымыз қажет!Халықтық бақылау ғана заңсыздықтың жолын кеседі.

Парламентте де комиссия құрылып, адам құқы бұзылуы қатаң бақылауға алынуы тиіс!