ҚазҰУ-дың жері мемлекетке қағаз жүзінде ғана қайтарылды – Бақытжан Базарбек

0

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокурор Берік Асыловтың атына  генерал Новиковтың атындағы даулы алма бағы туралы сауал жолдады.

– Мен бұл сұрағымды заңсыз иемделген жерді мемлекет қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы мен сот шешімдерінің орындалмай жатқанына арнаймын. «Жер аманаты» республикалық комиссиясы осындай проблемаға тап келіп отыр. Бұл мәселені осымен екінші реті ашық көтеруге туралы келіп отыр. Өйткені шешілмей жатыр, — деді депутат.

Айтуынша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заңсыз беріліп кеткен жері сот шешімі шыққанына қарамастан әлі қайтарылмаған. Телім аумағына салынған көпқабатты бизнес орталық әлі сүріліп тасталмаған.

— Ремизовкадағы алма бағының жағдайы да осындай. Сот шешімі орындалмай жатыр. Алма бағы заң жүзінде мемлекет меншігіне қайтарылғанымен, іс жүзінде жеке және заңды тұлғалардың қолында қалып отыр. Жалғыз Алматы бойынша ғана заңсыз салынған тұрғын үйді сүріп тастау туралы 86 талаптың 59-ын сот қанағаттандырған. Бірақ әділет органдары мен орындау қызметтері сот шешімдерін саналы түрде орындамай созып, қолдан кедергілер туындап отыр, — деген мәжілісмен Бас прокурордан Әділет министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сот шешімдерін қалтқысыз орындап, сүріп тастау туралы шешім шығарылған құрылыстарды уақытында бұзуына ықпал етуді сұрады.

— Бізге көп жерді қайтарып жатқандарыңызбен генерал Новиков сияқты ірі жер иеленушілердің заңсыз жерін қайтара алмай отырсыздар дегенге саятын сын көп айтылады. Жуықта ғана Алматы қаласының ауданаралық соты Қарасай ауданы әкімінің қаулысының күшін жоюы туралы қалалық прокурордың талабын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Әрине, сот шешімінен кейін жер ақыры мемлекет меншігіне қайтарылады. Бірақ біз жер қайтарылғаннан кейінгі жағдайды ойлауымыз керек, — деді ол.

Депутат генерал Новиковтан қайтарылған жер басқа ықпалды адамдардың меншігіне өтіп кете ме деп алаңдайтын көрінеді.

— Генерал Новиковтың меншігінде болған жер қайтарылғаннан кейін түгел Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына табиғи қорғалатын мекеме статусымен енуі керек. Тағы бір 3-5 немесе 7 жылдан кейін аталған телімдер қайтадан жергілікті олигархтарға, құрылыс компанияларына өтіп кетпеуі керек. Өйткені бұл телімдер бірегей аумақта жатыр. Одан кейін алма өсірушілердің құқығы сақталу керек. Олар әлеуметтік желіде бұл шараның бәрін прокуратураның рейдерлік әрекеті ретінде сипаттап жатыр. Ешкім бау-бақша егушілер мен алма өсірушілердің жерін тәркілеп жатқан жоқ. Телімдердің қаншалықты заңды берілгенін ғана тексеріп, генерал Новиковтың жерін ғана алып жатырмыз. Ол жер мемлекетке қайтарылғаннан кейін бау-бақша егушілер мен алма өсірушілердің құқығы қорғалуы керек. Бұл мәселені «Жер аманаты» республикалық комиссиясының аясында ерекше бақылауға аламыз деп үміттенемін, — деді депутат.