«ҚазТрансГаз» елдің қолын ұзартып отыр

0

Өткен желтоқсанда Сек­сеу­іл стансасы маңында «Арал» станса­сы іске қосылса, кезек «Қорқыт Ата» ком­прес­сорлық стансасына да жетті. Алқалаған ағайынға тағы да қуаны­ш­ты сәт туды.

«Қорқыт Ата» КС жұмысының бас­талуымен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» МГҚ өткізгіштік қуатын жылына 10 млрд текше метрден 15 млрд текше метрге дейін арттыру бойынша ірі инвестициялық жобаны іске асыру аяқталды. Бұл ретте 5 млрд текше метр газ елдің оңтүстік өңірлерінің көгілдір отын қажеттілігін толығымен жабады, ал 10 млрд текше метр Қытайға экспортталмақ. Станса Қызылорда облысындағы Қазалы ауданы­ның Ақсуат кентіне жақын орналас­қан. 

Енді «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының бойындағы инвес­ти­ция­лық жобаны іске асыру аясында Түркістан және Қызылорда об­лыс­тарының аумақтарында үш компрессорлық станса, атап айт­сақ, «Арал» КС – газ құбырының 518-ші шақырымында, «Қорқыт Ата» КС – 725-ші шақырымында және «Түркістан» КС – 1230-шы ша­қы­рым­да жұмыс істейді. Оның екеуі өт­кен жылдың соңында пай­да­лан­уға берілген. 

«Қорқыт Ата» КС «ҚазТрансГаз» АҚ қаражаты есебінен қаржы­лан­ды­ры­лып, рекордтық қысқа мерзім ішінде салынды.

«Бейнеу – Бозой – Шымкент» МГҚ құрылысының арқасында Қазақстан оңтүстікке газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етіп, елдің бірыңғай газ тасымалдау жүйесін құру және сыртқы нарықтарға қазақстандық газ экспортын арттыру тәрізді маңызды үш міндетті шеше алды.

Жаңа стансаның ашылу салтанатында «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Мұхатай Шаңбатыровтан сұхбат алғанбыз.

–  «Бозой – Шымкент» газ құбырының 750-шы шақырымдағы «Қорқыт Ата» компрессорлық стансасының ашылуы республикамыздағы ерекше оқиғалардың бірі, – деді ол. – Біз 15 млрд текше метрлік газ айдау көлеміне толық шықтық және бұл станса Қызылорда облысындағы соңғы станса екендігін атап өткім келеді. 

Мұндағы агрегаттар Американың ең қуатты компаниясының өнімдері. Осылайша Қызылорда облысынан бөлек, Түркістан, Жамбыл және Ал­маты облыстарын газбен қамту мәсе­ле­сі толықтай шешімін тапты. Артылған 10 млрд текше метр кө­леміндегі газ Қытай нарығына шы­ғарылуда. Сонымен қатар бұл құ­быр­дың ресурсы «Қараөзек» газ компрессоры арқылы орталық, солтүстік және Астана қаласына газ жеткізетін «Сарыарқа» газ құбырын толтыруға да жеткілікті.

Кемінде 1,5-2 жылда са­лын­уға тиіс құбырлар 7-8 айда пай­да­лануға берілді. Елбасының тапсырма­сын ойдағыдай орындау арқылы елдің газға деген мұқтаждығын қысқа мерзімде орындау көңілге қуаныш ұялатады.

Біз де көңілдегі сауалды қой­ған­быз. Түркістан облысы кешеге де­йін Өзбекстаннан газ алып, кей жылдары газ көлемі қысқарғандықтан қыстан қысылып шығатын. Мұхатай Шаңбатыров бұл қауіптің артта қал­ған­дығын, енді Өзбекстан кей өңір­ле­ріне қажетті газды Қазақстаннан алып отырғандығын айтты. Міне, тәуелсіздіктің жемісі. 

Қазалы ауданының әкімі М.Ергеш­ба­ев газ компрессорының іске қо­сы­­луы аудан экономикасына үл­кен серпін беретіндігін айтты.

– «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбыры Сыр еліне зор мүмкіндік берді. Облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызылорда облысын газдандыруға жол ашcа, енді міне, жергілікті мамандарымыз технология тілін үйреніп, қызмет етуге мүмкіндік ала бастады, – деді аудан әкімі.

Қызылорда облысының жеті ауданы қазақтың басына күн туғанда қорегін айырған, қасиетті анасына айналған Сырдың бойында отыр. Бұл жерден экономикамыздың күре тамыры «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі өтеді. 

Қызылорда облысын кешенді газ­­дан­дыру жобасының І кезеңі осы­­дан 5 жыл бұрын басталған бо­ла­­тын. 2015 жылы аймақтағы 4 аудан орталығы – Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кент­те­рі, сондай-ақ Байқоңыр қаласы газдандырылды. Қазіргі таңда осы өңірдегі тұрғындардың 80 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ал қалған 3 аудан орталығына газ тарту жұмыстары аяқталуға жақын.

Қызылордалық тұрғындар арасында «газ келді дегенше, жаз келді десейші» деген қанатты сөз бар. Нақыл тақілеттес ойдың түсінген адамға айтары көп. Осындайда баяғы ауыл, жүзін әжім торлаған анамыз ойға оралады. Үй тауқыметінен бөлек қазақтың қонағы таусылған ба?! Күн-түн демей сау ете қалады. Анамыз қазан көтереді. Газ жоқ. Қара пешке тамызық тұтатылып, қи қаланады. Ол әбден от алғанда көмір салынады. Еркін жана алмаған сулы көмір улы газын шығарып, көз ашытып барып күшіне мінеді. Етке толы қара қазан бұрқ-сарқ қайнайды. Шешелеріміздің әжім торлаған жүзіндегі әр сызық – ауырт­палықтың, тұрмыстық тау­қы­ме­тінің табы, бейнеттің ізі екен ғой. Кө­мек­тес­педік емес, көмектестік. От жаққанынан басқасына. Бәрібір, бей­не­тін жеңілдете алмаған екенбіз.

Енді аудан, ауыл үшін осы қиын­дық­тар артта қалып барады. Елбасы қол­даған стратегиялық жобаны іске асы­рып жатқан «ҚазТрансГаз» АҚ қол жетпестей көрінген арманның орын­да­латындығын ісімен көрсетіп жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Қызылорда облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/