«Қазсушардың» жауапсыздығы бюджетті жүздеген миллион шығынға ұшыратқалы тұр

0

Мекеме 2014-2016 жылдардың өзінде 5 бірдей жоба бойынша гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстарын бітіруі тиіс болған. Бірақ жұмыс әлі аяқталмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шығыс Қазақстандағы «Қазсушар» компаниясының бөгеттері мен су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстары негізсіз кешіктіріліп жатыр. Бұл жобаның қымбаттауына және шаруалардың шығынына әкеліп соқтырады. Аталмыш мәселені Сенат отырысында депутат Дүйсенғазы Мусин көтерді. Сенаторға Шығыс Қазақстан өңіріндегі аудан әкімдіктерінің басшылары мен облыстық мәслихаттың депутаттары өтініш білдірген екен. Оның бәрі бір ауыздан «Қазсушар» мекемесінің жауапсыздығына шағымданған.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда 196 мың гектар суармалы жердің 120 мың гектарына су жеткізетін гидротехникалық нысандар аталмыш мекеменің Шығыс Қазақстандағы балансында. Осыған орай суармалы жерлердің қалыпты жұмысы «Қазсушар» мекемесіне тікелей байланысты.

Алайда 2014-2016 жылдары 5 бірдей жоба бойынша гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс еді, бірақ жұмыс әлі аяқталмаған. Шығыс Қазақстан облысы басшылығының өтініштерінен кейін сенатор кәсіпорынды аралап, жағдаймен сол жерде танысыпты. Мәселен, жөндеу жұмыстарының негізсіз кешігуіне байланысты Зайсан ауданындағы Үйдене су қоймасын қалпына келтіру құны 851 миллион теңгеге өскен. Ал Қарғыба өзеніндегі бөгетті жөндеу 320 миллион теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.

«Осы жобалардың уақытылы аяқталмауына байланысты 28 646 гектар суармалы жер көп жылдар бойы тиімді пайдаланылмай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық жағдайына және ондаған елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына үлкен нұқсан келтірді. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында аталған жобаларды аяқтауды қаржыландыруды қарастырып, шешімін табуға көмектесуіңізді сұраймын», — деп түйіндеді депутат Үкіметке жолдаған сауалын.