«ҚазМұнайГаз» компаниясы қызметкерлерін қысқартып жатыр

0

Дағдарыс пен компанияның қаржылық жағдайын тұрақтандыруға байланысты кейбір жобалар жүзеге асырылмайды

НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы орталық аппарат қызметкерлерінің 34%-ін қысқартады. 

«Бизнес-процестер оңтайландырылады. Дағдарысқа байланысты өзектілігі жойылған жобалар мен шараларды жүзеге асыру жоспары қайта қаралып жатыр. Орталық аппарат қызметкерлерінің санын 729-дан 480-ге, яғни 34 процентке қысқарту туралы шешім қабылданды», — деп жазылған ұлттық компанияның сайтында.  

Оларға бір реттік төлем немесе рекрутингтік агенттіктер қызметі ұсынылады. Компания есебінен саланың өзге бағытына оқыту мүмкіндігі де қарастырылған.

Компанияның жаңа құрылымы

  • геология, барлау және өңдеу блоктарын біріктіріледі. Геология және барлау жөніндегі төраға орынбасары қызметі жойылды;
  • басқару деңгейлері қысқартылды (енді 22 басқарушы директор позициясы болмайды);
  • департамент саны үш есеге қысқарады.

«Біз көптеген функциядан бас тартамыз. Еншілес компаниялармен байланыс алгоритмін қайта қарастырамыз. Дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыруға ден қойылады», – деді басқарма төрағасы Әлік Айдарбаев.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы  –  көмірсутектерді барлау, өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау бойынша қазақстандық оператор.

Акционерлері – «Самұрық-Қазына»  ұлттық әл-ауқат қоры (90%) және Қазақстанның ұлттық банкі (10% + 1 акция).

 



sputniknews.kz