«ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев: компанияның ең басты капиталы – қызметкерлер

0
54

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқармасының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мұнай-газ кешені қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Өз құттықтауымен Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында бөлісті.

Мұнай саласы үшін биыл елеулі жыл. Қазақ мұнайының бастауында тұрған «Ембімұнайгаз» АҚ 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Ембі мұнайшылары осы уақытта 188 млн тоннадан астам қара алтын өндірді, деп жазды ол.

Сондай-ақ, Мырзағалиев биыл «ҚазМұнайГаз» компаниясының құрылғанына 20 жыл толып отырғанын баса атап өтті.

Осы уақытта «ҚазМұнайГаз» кәсіпорындары өндірісті 3 есеге жуық арттырды. 347 млн тонна өнім өндірілді, 227 млн тонна өңделді. 20 жылда компания активтері 7,5 есе, жыл сайынғы таза пайда 5 есе өсті. Жерасты байлығын барлау, игеру, дамыту – қажыр-қайрат пен білімді, табанды еңбекті талап етеді. Бүгінде «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобында 60 мыңға жуық адам еңбек етеді, — дейді ол.

Оның айтуынша, компанияның ең басты капиталы – қызметкерлері.

Осындай сан қырлы өндіріс сынына төтеп беріп, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қаһарлы суығына қарамай, ел игілігіне қызмет ететін мұнайшыларды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, еңбектеріне табыс, шаңырақтарына құт-береке тілеймін! Мағзұм Мырзағалиев