«ҚазМұнайГаз» басшысы Caspi Bitum, Атырау зауыттарында мұнай өнімдерін өндіру және жөнелту бойынша жиын өткізді

0

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (әрі қарай — ҚМГ) Басқарма басшысы Мағзұм Мырзағалиев Атырауда көшпелі кеңес өткізді. Онда ішкі нарықты жол битумымен қамтамасыз ету, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өнімдерін өндіру және жөнелту, зауытты жөндеу мерзімі талқыланды. Жиналасқа ҚазМұнайГаз, АМӨЗ және Caspi Bitum Ақтау битум зауытының басшылығы қатысты.

«Кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жол-құрылыс жұмыстары маусымында ішкі нарықта битум тапшылығына қатысты әділ сын айтты. Серіктестермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалыптасқан жағдайды өзгерту бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажет», — деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Жиын барысында айтылғандай, Қазақстанда битумға деген сұраныс жаз айларында жол құрылысы белсенді жүргізілетін шақта арта түседі. Осыған байланысты, М.Мырзағалиев «ҚазМұнайГаздың» жауапты құрылымдық бөлімшелеріне уәкілетті мемлекеттік органдармен жол-құрылыс ұйымдарын мемлекет тарапынан жыл бойы қаржыландыру (аванс беру) мүмкіндігін талқылауды тапсырды. Бұл жол-құрылыс жұмыстары маусымының басталуына қарай ішкі нарықта битумның қажетті қорын жинақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жиында Caspi Bitum зауытының қуатын 1,5 есе арттыру мәселесі талқыланды. Бұл жоғары сапалы битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Caspi Bitum  келтірген дерек бойынша, мұнай өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар, оның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп те қойған, мамандар жобалауға кірісіп жатыр.

Жиын барысында сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, өндірістік көрсеткіштер уақтылы орындалып жатқанын баяндады. Биылғы жылдың  қорытындысы бойынша зауытта мұнай өңдеу көлемі 5 млн тоннадан аспақ. Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Атырау мұнай өңдеу зауытының қыркүйекке жоспарланған жөндеу жұмысын кейінге ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ретте М.Мырзағалиев зауыт басшылығына жанар-жағармай нарығындағы қазіргі жағдайды ескере отырып, зауыттың ағымдағы жөндеу жұмысын кейінге ауыстыру бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Анықтама үшін:

Битум өндіру бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ зауыттарының ең жоғары қуаты жылына 800-850 мың тоннаға дейін жетеді. (Caspi Bitum – 500 мың тонна және Павлодар мұнай өңдеу зауыты – 350 мың тонна).

Caspi Bitum Ақтау зауыты кез келген климаттық жағдайда ұзақ уақыт бойы сақталып, пайдалануға болатын биг-бег деп аталатын ірі өндірістік қапшықтарға өлшеп салынған битумды өндіре алады.