«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы еншілес холдингтерін таратады

0

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» (ҚМГ БӨ) компаниясы артықшылыққа ие акцияларын сатып алуды аяқтап, компанияның қосалқы холдингтік құрылымдарын таратады. Бұл туралы ҚМГ БӨ баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы артықшылыққа ие акцияларын кері сатып алуды қаңтардың 31-інде аяқтайтынын жариялады.

Компанияның Қазақстан қор биржасында (KASE) 14 қаңтарда басталған артықшылыққа ие акцияларын сату шарасы қаңтардың 19-ында аяқталады.

«2019 жылдың 31 қаңтарынан кейін «Қазпошта» бөлімшелері «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының артықшылыққа ие акцияларын ұстап отырған тұлғалардан акцияларды кері сатып алу туралы өтінштерін қабылдамайды» деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының артықшылыққа ие акцияларын кері сатып алу бағдарламасы 2018 жылғы тамыздың 13-інде басталған. Артықшылыққа ие бір акция құны -12 800 теңге. Содан бері ҚМГ БӨ артықшылыққа ие бір миллионнан астам акцияны сатып алып, акция иелеріне 15 миллион теңгеге жуық ақша төлеген.

ҚМГ БӨ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 31 қаңтардан кейін KASE-дегі артықшылыққа ие акциялардың бағасы төмендеуі мүмкін. Бұған қоса, компания сатып алу бағдарламасы аяқталған соң «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобын қайта құрылымдауды және қосалқы холдингтік құрылымдарын таратуды жоспарлап отыр.

«ҚазМұнайГаз» компаниясына еншілес «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы 2004 жылы «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамдарын біріктіру жолымен құрылған. ҚМГ БӨ акцияларының 58 пайызы «КазМунайГаз» компаниясына тиесілі. ҚМГ БӨ Қазақстанның батыс өңіріндегі 41 мұнай кенішін игереді. Олардың ең ірісі — Өзен кен орыны.

Дереккөз: Азаттық