«Қазір ешкім мектептен кеткісі келмейді»: Аймағамбетов мұғалімдердің айлығы жайлы

0

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің айлығына және оларды іріктеуге байланысты жасалған реформалар жемісін бергенін айтады, деп хабарлайды Kznews.kz.

Мұғалімдердің айлығы өсті: жемісі қандай?

– Сіз министр болған кезде мұғалімдердің айлығы өсті. Сол өсімнің жемісі көрінді ме? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі Асхат Аймағамбетовтен.

Жауап

Депутат әуелі мұғалімдердің айлығы президент Тоқаевтың тапсырмасынан кейін өскенін айтады.

– Қазір ешкім ол жалақы өскен жоқ немесе аз өсті деп айта алмайды. Шын мәнінде, қазір мұғалімдердің айлығы құдайға шүкір, жақсы деңгейде. Бұл салаға өте үлкен әсерін берді. Бір ғана ақпарат: оның алдында ҰБТ тапсырғанда ең аз бал – 50, ең көбі – 140 бал еді. Сол тұстарда 55 бал алған түлектер педагогикаға баратын. Мектепте жаман оқығандардың бәрі мұғалімдікке барса, ертең ол қандай маман болады? Оны қанша керемет оқытсаң да, еш нәтиже бермейді, – дейді ол.

Асхат Аймағамбетов осы заң 2019 жылы қабылданған кезде “маған бәрі күліп, мұның болмайды” деген сөзін есіне алады.

– Біз сонда 2020 жылы орташа бал 90 балға жетті дегенде бәрі таңғалды. 2022 жылы орташа бал 100 балға жетті. Биыл математика мамандығына грантұа 122 балмен жете алмай, түсе алмай жатқандар бар. Менің өзім университетте сабақ берем. Жастардың қазір көзі жанып тұр. Алдыңғы жылдан бастап солай. “Мен мұғалім боламын” деп, жастар университеттерді бітіріп шығып жатыр. Енді мектепке келіп жатқан мұғалімдердің сапасы өте жоғары. Біз сол кезде қабылдаған реформалар өз нәтижесін беріп жатыр, – дейді ол.

Бұрын қалай еді? Бүгін қалай?

Депутаттың сөзінше, мектептен кетем деген мықты мұғалімдердің өзі қазір кеткісі келмейтінін айтады.

– Тіпті басқа салаға кетіп қалған мамандардың өзі мектепке келгісі келіп жатыр. Соған байланысты біз қандай шешім қабылдадық. Біз 86 университеттің 36-ның лицензиясын тартып алдық. Өйткені мектептен келгенде маманға тек диплом жеткіліксіз деп шештік. Сабақ беру үшін қосымша сертификат талап еттік. Тест тапсырады, тапсыра алмаса мектепке келмейді. Алғаш осы тестті өткізген кезде сол жылы университетті бітірген жастардың 90 пайыздан көбі тесттерге жауап бере алмады. Оларды алған жоқпыз. Қатты шулады. Дегенмен осы шешімді қалдырдық, – дейді ол.

Аймағамбетов қазір тек ең мықты мамандар мектепке баратынын айтады.