Қажылықтан оралған ер адаммен байланыста болған 11 адам карантинге алынды

0

Коронавирус табылған пациент Сауд Арабиясында қажылықта болған, алдымен Бішкекке ұшып келіп, кейін таксимен Алматы қаласына жеткен

АЛМАТЫ, 21 наурыз – Sputnik. Алматы облысында коронавирус жұқтырған  науқас он бір адаммен байланыста болған. Олардың барлығы карантинге алынды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ысқақтың айтуынша, ер адам Сауд Арабиясында қажылықта болған. Ыстамбұл-Бішкек рейсімен ұшып келген. 17 наурызда таксиге отырып, Бішкектен Алматы қаласына жол тартқан.

«Таксиде өзімен бірге тағы үш азамат болған. Алматыда оны достары күтіп алады. Ол жерде тағы бір күн болып, кейін Жамбыл облысының Шу қаласында тұратын отбасына аттанады. Ол жақта бір күн болғаннан кейін, Алматы облысы Қарасай ауданына қарай келген», — деді ол брифингте.

Пациент Қарасай ауданындағы үйде жалғыз тұрған. Дене қызуы көтерілген соң, дәрігерлерге хабарласқан.

«Оған ауру жайлы ескертілген болса керек, дәрігерлерге қоңырау шалып, дене қызуының бар екенін айтқан. 20 наурызда Қырғауылды ауылының дәрігерлік амбулаториясына жүгінді. Дәрігер тексергеннен кейін, жедел жәрдем бригадасымен Қарасай аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілді», — деді басқарма басшысы.

Науқастың жағдайы қазір орташа деп бағаланып отыр.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда төрт айлық нәрестеден коронавирус табылды

«Жағдайы орташа, құрғақ жөтел, дене қызуы бар. Сонымен қатар, пациенттің он бір адаммен байланыста болғаны анықталды: төртеуі – отбасы мүшесі, екі досы және қажылықта болған үш адам. Байланыста болған адамдар провизорлық стационарға оқшауланады», — деді ол.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 53 адамға жетті. Алматы қаласында – 22, Нұр-Сұлтан қаласында– 28, Қарағанды қаласында – 2, Алматы облысында – 1.



sputniknews.kz