ҚАЖК өзіме қол салуға мәжбүрледі
Қапшағай қаласының 36 жастағы тұрғыны, былтыр «терроризмді насихаттады» және «алауыздық тудырды» деген айыптармен бес жылға сотталған Жанна Өмірова Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетін (ҚАЖК) «өзін-өзі өлтіруге жеткізді» деп айыптады. 24 желтоқсан күні Алмапты облысының Жауғашты кентіндегі түрмеден Азаттыққа телефон соққан Өмірова «қоштасу хатын» оқып берді.
Өмірова Қазақстан президенті мен күш құрылымдарының басшылары атына жолдаған үндеуінде Қазақстанда сотталғандардың «мүлдем құқығы жоғын» айтады. Ол «бассыздықтан, баласыз өтіп жатқан өмірден және заңсыздықтан шаршағанын» айтып, ЛА-155/4 мекемесінің әкімшілігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетін (ҰҚК) өзін босатуға кедергі келтіріп отыр деп айыптайды.
23 желтоқсан күні Іле аудандық соты Жанна Өмірованың жазасының өтелмеген бөлігін шартты жазаға ауыстырудан бас тартқан. Өмірова кәмелет жасына толмаған және зейнет жасындағы жалғыз анасының қарауында қалған балаларының қасында болу үшін жазасын жеңілдетуді сұраған. Жанна Өмірованың күйеуі Жақшыбек Бимурзаев «терроризмді насихаттады» деген айыппен 25 жылға сотталған. Оның түрмеде жазасын өтеп жатқанына он жылдан асқан.
Сотталушы колония бастығының орынбасары өзін босатуға «ҰҚК кедергі келтіріп отыр» деп хабарлағанын айтады. Өмірова заңсыздық өзіне қол салуға мәжбүрлеп отырғанын айтып, ҰҚК департаментінің бірнеше қызметкерінің аты-жөнін атап, өліп кеткен жағдайда соларды кінәлі деп санауды сұрады.
ЛА-155/4 колониясының кезекші бөлімінде бүгін Азаттыққа сотталушы Жанна Өмірованың тірі екенін, оған ешнәрсе болмағанын айтты.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Азаттыққа Өміроваға қатысты Азаттық редакциясына түскен ақпарат жіті тексерілетінін хабарлады. Комитет сонымен қатар Өмірованың жазасын жеңілдетпеу себебіне қатысты «колония бастығы орынбасары айтты» деген мәлімет жалған екенін жеткізді. ҚАЖК баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасенов Жанна Өмірованың түрмеде тәртібіне қатысты ынталандыру алмағанын, 11 рет тәртіптік жазаға тартылғанын, мінез-құлық деңгейі «анықталмағанын» хабарлады. «Бұған дейін суицид жасауға талпынған (дәріден уланған). Психодиагностикалық тексерулердің нәтижесі бойынша оның суицид жасау қаупі орташа екені анықталды» дейді Хасенов.
Жанна Өмірованың адвокаты Айман Омарова Азаттыққа сотталушымен арада өзіне қол салу жөнінде әңгіме болмағанын айтты.
Жанна Өмірова 2017 жылы 14 маусымда діни алауыздықты қоздырды және терроризмді насихаттады деген айыптармен бес жылға сотталып, жазасын Алматы облысындағы әйелдер түрмесінде өтеп жатыр. Оның түрме жазасы тұтқындалған 2017 жылдың қаңтарынан бастап есептеледі.
Оқи отырыңыз: «Терроризм» айыбымен сотталған азаматтың әйелі де түрмеге кетті
Жанна Өмірова әлеуметтік желіде тыйым салынған діни материалдарды таратты деген айыппен сотқа тартылған. Ол былтыр сотта «Мой мир» әлеуметтік желісіндегі парақшасында Саид Бурятскийдің аудиодәрістерін (Ресей арнайы қызметінің Кавказдағы қарулы исламшыл астыртын топқа қарсы операциясы кезінде өлтірілген мұсылман уағызшысы) өзі ғана қолдану үшін жариялағанын, ешкіммен бөліспегенін және насихаттамағанын айтқан.
Мұндай сипаттағы өзге қылмыстық істердің көбі сияқты Жанна Өмірованың ісін де ҰҚК органдары тергеген. Кейінгі бірнеше жыл ішінде терроризм немесе терроризмді насихаттау айыбымен мұсылман азшылық өкілдерін құрайтын ондаған қазақстандық сотталды. Мұндай сот процестерінің көбі жабық режимде өтеді.
Дереккөз: Азаттық