«Қазгидрометтің» бірқатар басшылары пара алды деген күдікпен ұсталды. Жаңалықтарға шолу

0

Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жастарға жыл сайын 1000 пәтер салынады

Жастар жылының ресми ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Үкіметке осындай тапсырма берді. Пәтерлер жұмыс істейтін жастарға 25 жылға жалға берілетін болады. Оларды алу үшін «7-20-25» бағдарламасының да мүмкіндіктерін пайдалану керек деді Елбасы.

Салтанатты жиында Н.Назарбаев сондай-ақ дипломмен ауылға жұмыс істеуге келген жастарды көтермелеуге берілетін жәрдемақы көлемін ұлғайтуды тапсырды.

Туберкулез дертіне қарсы миллиард теңгеге дәрі-дәрмектер сатып алынады

Олардың арасында ауруды тиімді емдеуге мүмкіндік беретін деламанид және бедаквилин атты дәрілер бар. Мамандардың айтуынша, мұнша қаражатқа алынған дәрілермен елімізде 2,5 мың адам емделеді.

Облыстық сот төрағаларын ең көп дегенде екі мерзімге тағайындау керек

Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асанов осындай мәлімдеме жасады. Ұзақ уақыт бойы басшылық қызметте отырған адам басқарудың командалық стиліне ауысып кетуі мүмкін. Кейбір сот төрағалары менеджментпен ғана айналысады да, өзінің лауазымдық қызметтерін дұрыс атқармайды. Осылайша кәсібилік жоғалады», – дейді ол.

Ж.Асановтың пікірінше, әділетті және кәсіби сотты құру үшін ең үздік заңгерлерді таңдау сондай-ақ, әрбір судьяның тәуелсіздігін қамтамасыз ету керек. Айтуынша, судьялардың тәуелсіздігі жағынан еліміз әлемдегі 139 елдің ішінде 79 орында.

Үш жасқа дейінгі баласы барларға үстеме ақы төленеді

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығы осындай шешім шығарды. Баласы үш жасқа толғанша жұмыс орны сақталумен берілетін декреттік демалысты күтпестен жұмысқа шыққан барлық әйелдерге үстемеақы ай сайын төленетін болады. Оның көлемі ең төменгі жалақының 75% құрайды.

«Қазгидрометтің» бірқатар басшылары пара алды деген күдікпен ұсталды

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан мәліметке сәйкес, оларға ҚР қылмыстық кодексінің 366 бабы 4 тармағымен көзделген қылмыс жасады деген күдік келтіріліп отыр. Қазір тергеп-тексеру шаралары жүзеге асырылып жатыр. Комитет басқа ақпараттар тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды деп хабарлады.

Фармация және қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті біріктірілетін болды

Осының нәтижесінде елімізде Тауар және қызмет көрсету қауіпсіздігі мен сапасын бақылайтын комитет пайда болады.Жаңа ведомство адам денсаулығына әсер ететін тауар мен қызмет көрсету қауіпсіздігі мен сапасын, медициналық қызмет көрсету сапасын, дәрі-дәрмек айналымы және медициналық өнімдер саласын бақылайды. Оның ішінде дәріханаларда жекелей сату бағасын реттеу тәртібін бақылау, халықтың санитарлық эпидемиологиялық жағдайын жақсарту да бар.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: А.Перуашев Қазақстанды Қазақ Республикасы деп атауды ұсынды. «Қазақ атын республикамызға қайтару – тек тарихи әділетті құрметтеу ғана емес, сонымен қатар, барша көпұлтты отандастарымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін береді», – деді Үкімет басшысының атына жолдаған сауалынжа «Ақ жол» партиясының төрағасы.

Baq.kz: Головкин WBC марапатын жеңіп алды. Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) 2018 жылдың қорытындысы бойынша әртүрлі номинациялар бойынша жеңімпаздарды атады. Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің екінші жекпе-жегі 2018 жылдың «Ең үздік жаңалығы» номинациясын иеленді.