Қазфосфат жайлы: Миллиардтар айналған зауыттың артында кімдер тұр

0
4230

11 шілде күні Тараз тұрғындары қаланы тұман басып кеткені туралы ақпарат таратты. Осының салдарынан қалалықтар көзі жасаурап, тамағы жыбырлағанын айтады. Көп өтпей жайсыз жайтқа минералды тыңайтқыштарды өндіретін «Қазфосфат» зауытындағы апат себеп болғаны белгілі болды. Таразда фторлы қоспа қалдықтары қалыптан тыс асып кеткені тіркелді.

Осыдан кейін-ақ БАҚ Таразда Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлы – Нұрхан Нұрлановтың ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Әйткенмен арада көп өтпей бұл мәлімет жоққа шығарылды. Ulysmedia.kz порталы «Қазфосфат» зауытының бас директорының ұсталған-ұсталмағаны туралы ақпаратты тексеріп жатыр.

Бұл мақалада Ulysmedia.kz порталы «Қазфосфат» туралы не белгілі екенін және миллиардтар айналған ірі компанияның артында кім тұрғанын баян етеді.

Ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге сәйкес, «Қазфосфат» ЖШС 1999 жылдың қазан айында құрылған. Кәсіпорын Жамбыл және Түркістан облысында фосфор кенін өндіру, өңдеу және минералды тыңайтқыштар мен құрамында фосфор бар өнімдерді шығарумен айналысады. «Қазфосфат» өз өнімдерін ТМД елдеріне, Еуропа мен Қытайға жөнелтеді. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа да жеткізіледі.

2021 жылдың соңында «Қазфосфат» Forbes Kazakhstan журналының 50 ірі жеке компания тізімінде 154,86 миллиард теңге кірісімен 14-ші орыннан көрінді. БАҚ мәліметіне қарағанда «Қазфосфатқа» Новоджамбул фосфор зауыты, Минералды тыңайтқыштар зауыты, Қаратау және Шулақтау тау-кен байыту комбинаттары, Жамбыл облысындағы темір жол көлігі кешені, Шымкент синтетикалық жуғыш заттар зауыты және Степногорск химия зауыты тиесілі.

Яғни «Қазфосфаттың» теміржол көлігі кешенінің фосфаттарды өндіруден бастап жеткізуге дейінгі тұтас желісі бар. Компания фосфаттарды өз бетінше де өңдейді.

«Қазфосфат» ЖШС құрылтайшылары Нидерландыда тіркелген «Kazakhmys Resources B.V.» компаниясы, сондай-ақ мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлдары – Нұрхан мен Нұржан Нұрлановтар. Компанияның бас директоры – Нұрхан Нұрланов. (Нұржан Нұрланов болса 2022 жылдың мамырына дейін «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС басқарған).

«Қазфосфаттың» түпкі бенефициары – «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшысы Ахметжан Есімовтың күйеубаласы – олигарх Ғалымжан Есенов. Есенов үй болған алғашқы жылдары-ақ компанияны өзіне алған.

Kazakhmys Resources B.V. болса RBK банкінің аффилирленген тұлғасы саналған. Банкте құрылтайшылардың бірі болып 2017 жылдың соңына дейін Нұрлан Нығматулиннің құдасы – Дінмұхамет Ыдырысов отырған.

Біз баяндап отырған «Қазфосфат» компаниясы жайлы бұған дейін бір емес, бірнеше рет дау шыққан.

Сонау 2007 жылы «Қазфосфаттың» украиналық серіктестері – «Украина темір жолдары» АҚ-пен үлкен дауы есте. Ол тұста Львов облысында фосфор тасыған жүк пойызы рельстен шығып кеткен болатын. Украина тарапы сары фосфорды резервуарларға тиеу кезінде «Қазфосфаттың» жіберген заңбұзушылықтарын жариялаған.

2021 жылы интернетте Есенов пен Есімовтің арасындағы араздық туралы мақала пайда болды. Автор әйелімен ажырасқаннан кейін Есеновтің бұрынғы қайын атасымен «қазақстандықтардан ұрланған миллиардтарды» бөліспес үшін «Монакодағы ең қымбат жылжымайтын мүлікті» сатып алғанын айтқан.

2022 жылдың сәуірінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазфосфат» компаниясына қатысты тергеу басталғанын хабарлады. Агенттік ол кезде компанияның аммофос бағасын 125 мың теңгеден 168 750 теңгеге дейін көтергенін хабарлап, жыл басынан бері оның бағасы бірден 35% қымбаттап кеткенін жария еткен. 2022 жылдың қаңтарында бұл баға тіпті 185 625 жетті. 2021 жылдың қаңтарымен салыстырғанда баға 48,5% өсті. Ақыры компания клиенттерге 2,8 млрд теңгені қайтаруға міндеттелді.

Осы жаздың бір жарым айының өзінде «Қазфосфат» зауытында бір емес, үш оқиға тіркеліп, оның екеуі кісі өлімімен аяқталды. 9 маусымда минералды тыңайтқыштар заутында ер адамның басына кірпіш құлап, әлгі кісі ауруханаға апара жатқан жолда мерт болды.

2 шілдеде Нығматулиндер зауытындағы ұсатып-сұрыптау фабрикасында жұмысшылар ұсататын құрылғының диірменінен түсіп кетті. Оқиға орнында 28 жастағы дәнекерлеуші мен 35 жастағы слесарь қайтыс болды.

Еске сала кетсек 1 ақпанда, яғни қаңтар оқиғасынан кейін көп өтпей Нұрлан Нығматулин Қазақстанның төменгі палатасының спикері қызметінен кеткен болатын. Ulysmedia.kz бұған дейін Нығматулиндер отбасына не тиесілі екенін жазған болатын.