QAZFORUM-2018 қазақтілді контентті дамыту мәселелеріне арналды

0

Жиынды ашқанАқпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Бүгінде қазақтілді сайттардың саны да, сал­мағы да артып келеді. Уақыт талабына сай өз аудиториясын қалыптастырған бә­секеге бейім порталдардың қарасы көбейіп жатыр. Осы қарқын жалғасса, мем­лекеттік тіліміздің мәртебесі өседі», дей келіп, қазақтілді ресурстардың са­па­сын одан әрі арттыру мәселесіне тоқ­талды.

Министр бүгінде отандық ақпарат құралдарының мемлекет саясатын xалық­қа дер кезінде оңтайлы жеткізіп отырғанын атап өтті. 

«Халық Елбасының «Болашаққа бағ­дар: руxани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» сынды бағдарламалық мақа­лаларының мағынасына терең үңілді. Осындай ауқымды жұмысты атқар­ған­дарыңыз үшін Ақпарат және коммуникация­лар министрлігі атынан сіздерге алғыс айтамыз. Қазіргі күні әлем жедел қарқынмен өзгеру үстінде. Соған сай ақпараттық технологиялар түрлі ба­ғыт­тар бойынша жан-жақты дамып жатыр. Сол себепті аудиторияға қызықты кон­тент, оқырманға тартымды портал қалып­тастыру – бүгінгі заман талабы. Қазір қазақтілді сайттардың өз бағыты қалып­тасып келеді. Осы жайт көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінде нақты дерегі бар қысқа да нұсқа ақпарат құнды. Осыдан он жыл бұрын біз сөзі өтімді қазақтілді сайттар болса екен деп ойлайтынбыз. Қазір ондай сайттар жетерлік. Енді, сол ресурстардың сапасын күшейтуіміз қажет», деді министр.

Жиынға қатысқан қазақ­стандық танымал веб-сайттар мен медиа-бизнес өкілдері ақпарат құралдарын заманға сай дамыту мәселелерін талқылады. 

«Қазақ интернеті саласында не өз­гер­ді, не жаңалық болып жатыр, осыны талқылау мүмкіндігі пайда болғандығы қуантады. Бұл кездесуіміздің өзі қазақ интернетінің қарқынды дамуының көрі­нісі. Бүгінде телевизия немесе интернет деп бөлуге келмейді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы да қазақ интернетінде контент жасаушылардың бірі. Біздің өнімдерімізді xалық әлеуметтік желілер арқылы қалай қараса, «Qazaqstan TV» мо­бильді қосымшасы арқылы да еркін тамашалай алады. Бұл қосымша шілде айын­да да­йындалды. Осы 4-5 айдың ішінде 500 мыңнан астам адам жүктеп алды. Яғни, қазақтілді аудитория бүгінгі таңда ин­тер­неттегі негізгі тұтынушылардың бірі бо­лып отыр», деді «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

Биыл ұйымдастырушылар қазақтілді сайттарға ғана көңіл аударып қой­май, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және басқа да заманауи интернет-плат­фор­ма­лардағы контент мәселесін де талқылады. 

«Мен қазақтілді контент жасаушылар фо­румын медиа нарығы үшін маңызды іс-шара деп есептеймін. Ол маңызды бағыттарға назар аудартып, көкжиекті ке­ңейтеді, қазақстандық журналистерге сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерге дайын болуға көмектеседі», деп атап өтті АҚШ-тың Қазақстандағы Уақытша Се­німді Өкілі Теодор Линг. 

Форумның бірінші сессиясында кон­тентті басқаруға арналған заманауи технологиялар жайлы сөз қозғалды. Қатысушылар қазақша контентті шығарып қана қоймай, оны басқару да қажет екенін атап өтті. Осы орайда «Қаз­контент» АҚ басқарма төрағасы Думан Қожахметов, 7kun.kz іскерлік жаңа­лықтар сайтының негізін қалаушы Ербол Азан­бек, «Baribar» сайтының негізін қалау­шы Ербол Серікбай, «Balapan» телеар­насының директоры Мақпал Жұ­ма­бай және қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарым өз идеяларымен және пікір­лерімен бөлісті. 

«Қазіргі «Z» ұрпақ, төртінші индус­триялық революция өкілдері, әлемдік және еліміздегі жағдайды ақпараттық сайт­тар арқылы тең қарастыра алады. Ауди­тория тарапынан мемлекеттік тілде әзірленетін контентке сұраныс күнде­лікті өсіп отыр. Сондықтан қазақ тілін­дегі контентті сапалы дамыту – біздің мақсатымыз», деді «Balapan» теле­арнасының директоры М.Жұмабай.

Екінші панельді сессия ақылды жур­налистикаға, заманауи аналитика құрал­дарын табысты түрде қолдануға, онлайн-технологиялар мен үдерістерді автоматтандыруға арналды. Nur.kz интер­нет-порталының бас редакторы Павел Притчин, «Informburo» жаңалықтар сай­тының бас редакторы Михаил Доро­феев, «Galamattech» ЖШС бас директоры Абай Серғазиев, «Аналитика және BigData қауымдастығының» прези­денті әрі кәсіпкер Сергей Ахметов, «Ата­мекен» ҰКП IT-кеңесінің төрағасы Ми­рус Құрмашев өз кейстерімен және тәжіри­белерімен бөлісті. 

Форум аясындағы қорытынды сессияда BTS digital компаниясы білім беру орталығының бастығы Саясат Нұрбек, IT-анали­тик және медиа-жаттықтырушы Ти­мур Бектұр, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Бас­қарма төрағасының орынбасары – бас редактор Айбын Шағалақ, маркетолог және Yuframe шығар­машылық бірлестігінің негізін салушы Расул Абдуллаев және журналист әрі медиа-тренер Асхат Еркімбай медиа са­ласының болашағы жайлы ойларымен бөлісті.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»