ҚАЗАҚТЫҢ  ҚАРА СӨЗ ШЕБЕРІНІҢ МАРАПАТЫ

0

Кезінде  КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған 3 жазушының бірі болған, ең алғашқы еңбегі 25 жасында роман болып жарық көрген Әбдіжәміл Нұрпейісовке берілген марапатқа ел болып қуанудамыз! Бұл заңды да! «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежелі атағына әбден лайық, халқы үшін қалтқысын сөз өнерінде өлшеусіз еткен еңбегінің жемісі деп білеміз. Себебі, жазушылық қабілетімен қоса Чехов, Назым Хикмет, Горький және де испан жазушысы Касона тағы да басқа танымал шығармаларды қазақ оқырмандарына өз тілінде танытқан. Шетелдік белгілі қаламгерлер Луи Арагон, Лили Дени, Аугуст Видал, Леонгард Кошут сынды тұлғалардың Әбдіжәміл атамыздың шығармаларына оң пікір білдіргені көзі қырақты оқырман қауымға таныс болар. Оның туындылары әлемнің 30-дан аса тіліне аударылған.

Сондай-ақ, Арал тақырыбын алғашқылардың бірі болып жазып, әлем назарын аудартқан абыз жазушыға елдің құрметі шексіз. Ел, халық оның әлеуметтік тағдыры, өмірі, ұлттық ерекшелігі суреттелген әдеби туындылары баға жетпес қазына. Туындыларын оқи отырып, төзімділік, сабырлылық, қиыншылықты жеңуге деген қайрат, жігер, қанағатшылық, адал еңбек пен әділдіктің аражігін ажыратуды үйренесің.

Барымызды бағалай біліп, жоғымыздың орнын толтыруға деген талпынысымыз толастамасын. Жаһандану дәуірінің қақ ортасында тұрған қазақ елі үшін рухани мұрамыздың маңызын арттырып, жас ұрпаққа сіңіру негізі мәселе екендігін ешуақытта ұмытуға болмайды.

Атамызға берілген атақ қазақ әдебиетіне, оның көрнекті  өкілдеріне берілген атақ деп қабылдайық. Сөз өнерінің өміршеңдігін өлтірмейтін лайықты тұлғалар аман болсын!

Аягөз Қожамырзақызы АБДРАЗАХОВА

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетінің аға оқытушысы