Қазақтың Иманғалиына арналған алғашқы ән шықты (видео)

0

Бүгін ұлт қайраткері, мемлекетшіл, ұлтжанды  азамат Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың туған күні.

62  жасқа толған қайраткердің құрметіне жаңа ән дүниеге келіпті. Қайнар Қатпай өзінің инстаграм парақшасында қазақтан сүйінші сұрады:

«Құрметті достар, қадірлі ән сүйер ағайын! Халқымыздың  сан ғасырлық тарихында елге еңбегі сіңген тұлғалар аз болған жоқ. Ұлттың ұлы мұратын орындау жолында олар бар өмірін арнады. Тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл үрдіс тоқтаған емес. Нақтырақ айтсақ,  Алаш баласының «Мәңгілік ел» болу арманын жаңа заманның жаңашыл тұлғалары жалғастырды. Осы ұлы сапарда президентіміз Н.Ә.Назарбаевтан бастап Елбасының сенімді серіктеріне айналған әр азаматтың еңбегі еселі. Солардың қатарында Иманғали Нұрғалиұлы да бар. Бүгін аталмыш ел ағасының туған күні. Осы орайда мына бір туындымды назарларыңызға ұсынуды жөн деп шештім. Елін сүйген ел сүйген сіздей тұлға аман болсын: жаңа жасыңыз құтты болсын, аға!
P.S: Жағымпаздық немесе саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Шынайы шығармашылық шабыттан туған ән деп қабылдаңыздар!

Сөзі: Айсәуле Бейсенханқызы

Әні: Қайнар Қатпай

Орындаған: Қайнар Қатпай».

Қамшы тілшісі әнші Қайнар Қатпайға қоңырау шалып тілдесті.

«Шекараның ар  жағынан келген қазақпын. Қытайдың Құлжа қаласында кіндік қаным тамған. Қазақстанға оралу ата-баба арманы, өз қалауымыз болғандықтан 9 жыл бұрын атамекенге табан тіредім. Қытайда жүрсек те, елдегі жаңалықтарды қалт жібермей, бақылап жүретінбіз. Иманғали Тасмағамбетовтің анасы Ділдә Матайқызының «Айналайындарым меніңді» оқымаған қытай қазағы кемде-кем шығар.  Елбасының есімімен қатар Қытайда Иманғали Нұрғалиұлының есімі аса зор құрметпен айтылады. Сол кісіге деген құрметім, ризашылығым ретінде 2 жыл бұрын ән шығарған едім. Белгілі бір себептерге байланысты ән жарыққа көрмеді. Биыл 62 жасқа келген мемлекет қайраткерінің туған күн аясында тосынсый жасағым келді»,-дейді әнші, сазгер Қайнар Қатпай.

«Қамшы» сілтейді