Қазақты «бейшара» деген Бажкеноваға журналист жауап берді

0
794

Бажкенованың жазбасына қатысты белгілі ақын Исраил Сапарбай да пікір қосты.

Белгілі журналист, қоғам белсендісі Дина Елгезек қазақты «бейшара» халыққа теңеген әріптесі Гүлнар Бажкеноваға жауап берді.

Гүлнар Бажкенова есімді журналист әлеуметтік желіде Өзбекстанға сапарын жазып, орысша қойылған сұраққа өзбектердің сол тілде жауап беретіндерін, адамды алалау, ксенофобтық көзқарастың мүлдем жоқтығын ескертіп, тіл төңірегінде ғана дау-дамайдан басқа істері жоқ бейшара қазақтарға өзбектерден әлі көп нәрсені үйрену керектігін айтып, «ақыл-кеңесін» берген болатын.

Осы жазба жарияланғаннан кейін Бажкенованың сөздері намысына тиген біраз адам әлеуметтік желіде онымен келіспейтінін айтты. Сыни пікірлер жариялады. Соның бірі журналист, қоғам белсендісі Дина Елгезек те Facebook-те Бажкенова ханымның «қазақ бейшара» деген сөзіне жауап ретінде жазба қалдырды. Соны оқырманның назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

— Гүлнар Бажкенова, қазаққа тіл тигізуді доғарыңыз!

Бейшараңыз не?

Бұл шектен шығушылық қой?!

Өзбегің дәл біз секілді геноцид көріп пе? Репрессия, қолдан жасалынған ашаршылық көріп пе? Соғыста біз секілді қырылып па?

Өзбектің бағына орай Тәуелсіздіктің бастауында болған Кәрімов ұлттық мемлекетті құрып тастап, өзбегін Еуразиялық Одақ секілді орыстың, жаһандандық деп батыстың, қарыз сұрап қытайдың да «қорасына» кіргізген жоқ! Ешкімді пысқырмай, тәуелсіз тастүйін саясат жүргізді! Тарихымызға 5 мың жыл деп, латынға өтіп, өзбектің санасын деколонизациялады!

Назарбаев секілді өз тілін өзге тілге мансұқ еткен жоқ!

Өзбекте тіл проблемасы деген атымен жоқ!

Олар тұтастай ұлт тілінде сөйлейтін ұлт!

Өзбекте дәл сіз секілді өз тілін білмейтіндер, менсінбейтіндер, қорлайтындар жоқ!

Өзбек дәл қазақ секілді орыстың құқайын көріп отырған жоқ! Шовинистер қашан өзбектің мемлекеттігіне тіл тигізіпті? Қашан ішкі саясатына араласыпты?

Қашан Жириновский, Никонов секілділер өзбекті қорлапты?

Өзбекте орыспен шекаралас 7 мыңдық территория бар ма еді? Өзбектің көңілін күпті еткен –  Петропавл мен Павлодары бар ма еді?!

Екі елдегі саяси процестер екі түрлі. Басқа басқа, оны журналист – сіз түсінуіңіз керек!

Өзбектің Кәрімовы билікке ұмтылған өз қызын аяған жоқ!

Ал бізде Назарбаевтың туыстары өздерін Құдай санап, өз ұлтының ұлдарын «үшінші күш» ретінде діни экстремизмге баулып, өз ұлтын кндейшілікке ұшыратып, Қаңтар трагедиясын өз қолымен жасады!

Әлде Назарбаев адами капиталға инвестиция салып па еді?

Қазақтың біліміне, денсаулығына, рухани түлеуіне инвестиция салып па еді?

Қазақтың нендей саяси, экономикалық, әлеуметтік коллапста отырғанын, сіз, халықтан артық білуге тиістісіз.

Және айтарым, Тәуелсіздік алса да өз тілінде сөйлей алмай отырған билікке қазақтың айтар назы орынды!

Гүлнәр, тілі орысша болса да, жүрегі «қазақ» деп соғатындар көп.

Ал нағыз бейшаралар –  осы жүрегі өзге деп соғатындар…

Қоғам белсендісінің бұл жазбасына қолдау білдіріп жатқандар көбеп. Соның ішінде белгілі ақын Исраил Сапарбайдың Гүлнар Бажкеноваға: «Сен қазақ емессің – Дүбарасың! Қаның азған, қазақы қалыбың бұзылған. Тілің шұбар. Орысқұмар бишарасың…», – деген пікірін жазып қалдырған.