«Қазақтелеком» Кселл акциясының 75 пайызын сатып алды

0

2018 жылғы 12 желтоқсан 17:25 48

«Қазақтелеком» Кселл акциясының 75 пайызын сатып алды


АСТАНА. ҚазАқпарат — «Қазақтелеком» АҚ Telia Company және Fintur Holdings BV компанияларымен «Кселл» акционерлік қоғамы акцияларының 75 пайызын сатып алу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақтелеком» АҚ-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі қызметінен мәлім еткендей, мәміле тараптары — «Қазақтелеком» АҚ, Telia Company және Fintur Holdings BV. Келісім бойынша «Қазақтелеком» АҚ қазақстандық телекоммуникациялық оператор «Кселл» АҚ акцияларының 75 пайыз жиынтық пакетін сатып алу туралы келісімге қол қойды. Мәмілеге сәйкес,  «Қазақтелеком» Kcell акциясының 24 пайызын Telia Company компаниясынан,  51 пайызын Fintur Holdings BV (Telia Company (58,55 %) және Turkcell (41,45 %) телекоммуникациялық компанияларының  бірлескен кәсіпорны) компаниясынан сатып алады.

Мәмілеге дайындық барысында «Қазақтелеком» осы операцияларды жүргізудегі халықаралық стандарттарға сәйкес «Kcell» компаниясының қаржылық және іскерлік операцияларының нәтижелеріне тереңдетілген инвестициялық талдау, бағалау және кешенді тексеру жүргізді. «Kcell» акцияларының 75 пайызын сатып алу туралы шешімді «Қазақтелеком» АҚ Директорлар кеңесі және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Инвестициялық және стратегиялық комитеті қабылдады.

«Кcell»-дің бақылау пакетін сатып алу арқылы «Қазақтелеком» АҚ-ның акционерлік құнына оң әсермен тұтастай Қазақстандағы телекоммуникация саласын одан әрі дамыту, соның ішінде ел халқы үшін ұсынылатын қазіргі заманғы телекоммуникация қызметтерінің ауқымын және сапасын кеңейту жоспарлануда.

«Қазақтелеком» Қазақстанда жоғары сапалы мобильдік және шектелген байланыс қызметтерін ұсынуға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық интеграцияланған желі құруға ниетті. Бұл мәміле біз үшін стратегиялық маңызға ие. Сонымен қатар ол желілерді оңтайландыру және интеграциялау жолымен бірқатар ауқымды жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Kcell»-дің негізгі бағыттарын сақтай отырып, барлық клиенттерге жоғары сапалы қызмет көрсетуге күш салмақпыз. Бұл «Қазақтелеком» АҚ мен «Kcell»-дің дамуына қосымша серпін беріп, олардың инвестициялық тартымдылығын арттырады. Монополияға қарсы орган тұтынушылардың мүдделеріне және тұтастай алғанда саланы дамытуға қатысты бірқатар талаптар мен шарттарды белгіледі. Ендігі кезекте біз заңға сәйкес реттеушінің барлық талаптарын орындауға дайынбыз», — деп атап өтті« Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Келісім «Қазақтелеком» АҚ-ның ұзақмерзімді даму стратегиясына сәйкес ұялы байланыс нарығындағы қызметін анағұрлым кеңейтуге мүмкіндік бермек.

Өз кезегінде «Telia» компаниясының президенті әрі бас атқарушы директоры Йохан Деннелинд атап өткендей, бұл мәміле еуразиялық нарықтан шығып, компанияның стратегиясы шеңберінде Солтүстік және Балтық өңірлеріне назар аударуда тағы бір маңызды қадам болып табылады.

Еске сала кетсек, осы жылдың қаңтарында ҚР ҰЭМ-нің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Қазақтелеком» АҚ-ның «Kcell» телекоммуникациялық операторы акцияларының 75 пайызын сатып алу туралы өтінімін қабылдаған болатын. Өтінішті қарағаннан кейін монополияға қарсы орган осы мәмілеге қатысты шешім шығарды. Сатып алушыға сонымен бірге бірқатар талаптар қойылды. Яғни, атап айтқанда, реттеушi мәмiленiң мынадай шарттарын көздейдi: мәмiле жасалғаннан кейiн үш жыл бойы қолданыстағы тарифтiк жоспарларды (пакеттерді) сақтау, абоненттерге қосымша қызметтерді ұсыну, 2021 жылға дейін ауылдық жерлерде (халық саны 4 мың адам немесе одан көп) 4G желісімен қамтуды кеңейту, 2021 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей 5G қызмет стандартын енгізу.

Сонымен бірге, монополияға қарсы орган «Қазақтелеком» АҚ-ға Kcell және Activ брендтерін сақтауды міндеттеді.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz