«Қазақтелеком» АҚ еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту үшін қандай цифрлық қызметтер ұсынуда?
«Қазақтелеком» АҚ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында бизнеске арналған ашық цифрлық платформасының қызметін ұсынуда. Еліміздегі жетекші байланыс операторы саналатын бұл компания АКТ-қызметтерін ұсыну бойынша да бай тәжірибеге ие. Оның 15 Data-центрлеріне (көлемі 11,5 мың шаршы метр) 22 мың сервис сияды. Бұл дегеніміз, ақпараттық қауіпсіздік өте жоғары деңгейде деген сөз. Тіпті мұнда әлемдегі алпауыт компаниялар – Google мен Facebook-те өздерінің деректерін сақтайды екен.
Жетекші компания ұсынған цифрлық қызмет арқылы еліміздегі электронды сауда дами түспек. Атап айтқанда, Ismet.kz платформасы онлайн сауда нарығын ілгерілетуге атсалысады. Ресми деректер бойынша, елімізде электронды сауда саласы жыл сайын 30 пайызға артып келеді. Дегенмен,
е-коммерция бойынша әлемдік рейтингте 88-ші орынға тұрақтаппыз. Ал ақпараттық технологияларды бизнесте қолдану бойынша 67-ші орында екенбіз. Мұның барлығы цифрлық әлеуетімізді толықтай көрсетіп отыр.
Алайда, елімізде цифрландыруға қатысты кешенді шаралар жүргізілуде. Бұған қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама да бар. Жаңа технологияларды кеңінен қолдану және цифрлық алаңдарды тиімді пайдалану жоғарыдағы көрсеткіштердің өзгеруіне әсерін тигізері анық. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікке арналған цифрлық алаң – бизнес саласындағы жаңашылдықтарға әкеледі. Яғни, электронды қызметтер дамып, онлайн құжаттар одан сайын жандана түспек. Бұл өз кезегінде кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін беретін болады.
Ашық цифрлық платформадан кәсіпкерлер қандай көмек ала алады? Ең алдымен тауарын сатуға, қызметтерін ұсынуға жаңа нарықты табады. Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдау туралы ақпараттар мен кеңестерді ала алады. Блогтар мен форумдар арқылы серіктес іздеуге, басқа кәсіпкерлермен диалог құруға мүмкіндіктері пайда болады. Кәсіптерін ілгерітуге арналған аналитикалық мақалалармен таныса алады.
Ismet.kz-тің тиімділіктері мен артықшылықтарына келер болсақ, бұл бір алаңда жиналған түрлі сервистерді алу, жаңа нарықтық мүмкіндіктерді игеруге мүмкіндік береді, бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, білікті кадрлармен қамтамасыз етеді.
Осындай цифрлық алаңның арқасында бизнес-элита кәсібіне қатысты қызметтерді тез, жеңіл, қолжетімді, ыңғайлы нұсқада ала алады. Мұнда кәсібін енді ғана бастаймын деген жас бизнесмендерге де үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, маркетинг бойынша тегін зерттеулер мен кеңестер тегін түрде беріледі.