«Қазақтардан бір-біріне алаңдау, көмектесу дегенді көрмейсің»: Италияда тұратын журналист қазақстандықтарға не жетіспейтіні жайлы – Қазақстан жаңалықтары

0

Италия астанасы Римде тұратын отандасымыз Жанар Нұрлыбек – трэвел-журналист, туризм саласының маманы. Бірнеше елде тұрып көрген қазақстандық саяхатшы Stan.kz редакцияcына берген сұхбатында не себепті Италияны таңғажайып ел деп есептейтінін, онда әйелдердің рөлі қандай екенін және Қазақстанға дамуы үшін не керектігі жөнінде өз ойын айтты.

– Жанар, өзіңізді жетістікке жеттім деп есептейсіз бе? Замануи әйел үшін жетістік немен өлшенеді? 

– Жетістіктің критерийлерін бағалау оңай емес. Жалпы өзімді белгілі бір тұрғыда жетістікке жеткенмін деп бағалаймын, бірақ көңіл-күйге де байланысты: кейде өзімді супер табысты сезінем, ал кейде көңілдегідей болмай жатады. Бастысы – өзімді бақытты сезінемін. Ең біріншіден, жетістік мен үшін таңдай алу құқығының бар болуы. Бұрынғы заманда қыздардың таңдай алу құқығы тұрмақ, өз құқықтары болмаған. 13 жасында тұрмысқа берген, білім алудың да аса қажеттілігі болмаған. Қазір болса, білім аласың ба, жұмыс істейсің ба, қандай жерде жұмыс істейсің – өз еркің. Тұрмысқа шыққың келсе, шығасың, қаламасаң да, өз еркің. Демек мүмкіндік бар, таңдау көп. Осы жағынан алғанда өзімді жетістікке жеттім деп айта аламын, себебі өзім қалаған өмірді сүріп жатырмын.

Әрине, отбасын құрып, балалы болып, жақсы азаматтарды тәрбиелеп шығу деген сынды жоспарларым бар. Өз басым тұрмысқа шығу керек болғандықтан ғана отбасын құрғым келмейді, саналы түрде болашақ отбасым берік болғанын армандаймын. Қазір көңілімнен шығатын жұмыспен айналысамын, Италияда білім алуды қалағандықтан, адамдардың күмәніне қарамастан осында көшіп келдім. Біздің елде 35 жаста оқимын десең «Құдай-ай, мұндай кезде оқудың не керегі бар?» дейді. Ал мен болсам бакалавриат бойынша оқуға осында келдім. Адамдардың пікірі мен үшін маңызды емес, бұл да – менің бір жетістігім шығар. Материалдық жағынан керемет табысқа жеттім дей алмаймын – пәтер, көлігім жоқ, бірақ мен мұны жоспарларымның қатарына қосқан да жоқпын.

– Көп адам трэвел-журналистика мен блогерлікке қызығады. Журналистиканы бітірген соң, не себепті туризмге кеттіңіз? Бұл саласының қандай қиындықтары бар?

– 2006 жылы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетін бітіріп, туризм саласына жұмыс істеуге бет бұрдым. Қазір ойлап отырсам, дәл сол уақыт Қазақстанда журналистиканың дамып келе жатқан кезеңі екен: түрлі жақсы медиа, баспалар, пиар қызметтер болды. Пиарда, журналистикада жақсы мансап жасайтындай шақ болды. Өзім жұмыс істеп көргім келетін: «Cosmo», «Time Out» сияқты басылымдардың жүріп тұрған кезі. Алайда мен саяхаттағым келді, сондықтан туризмге кеттім. Журналистика пен саяхаттың басын біріктіруді қалайтынмын: трэвел-журналистика, блогерлік, мемлекетаралық пиар деген сияқты.

Жыл сайын туризмнің дамуы кенже қалып келе жатыр, себебі адамдар өз бетімен саяхаттауға көшті, Booking.com сияқты құрылғылар адамдар үшін саяхатты қолжетімді етті, бір жағы оның дамуына тұсау салғандай. Одан бөлек, стихиялық апаттар сияқты адам қадағалап, бақылай алмайтын тұстар бар. Демек туризмде табысты болу сәл қиындау. Мәселен, коронавирустың өзі туризмге оңай тиіп жатқан жоқ. Осының бәріне қарамастан, мен Италияға туризм бағытында білім алуға келдім. Бұл да бір – парадокс. Туризм бойынша оқып жатқаныма қарамастан, қазір журналист ретінде көп жазып жүрмін. 

– Қазір немен айналысып жатырсыз?

– Стипендиялық бағдарлама бойынша Римдегі Сапиенца университетінде оқып жүрмін, онлайн курс жасаумен айналысамын: әлеуметтік желі, саяхаттау, сондай-ақ кездесуге қалай бару керектігі жөнінде курс дайындадым. Көбіне онлайн жобаларға көңіл бөлемін.

– Римде тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды және не себепті Италияны таңдадыңыз?

– Римде былтырғы жылдың тамыз айынан бастап тұрып жатырмын. Италия бала кезімнен менің сүйікті мемлекетім болатын. Апам кішкентай кезімде Джанни Родаридің ертегілерін, оның ішінде «Чиполлиноны» оқып беретін. Оқып үйренген соң, сол автордың ертегілерін өз бетіммен оқитын болдым.

Италия мәдениеті, футболы үшін ұнайды. 2007 жылы туристік фирма ашқан кезде алғашқы сапарға шыққан ел Италия болды. Туған күніме байланысты, өзіме-өзім ақша жинап, Италияға іс-сапармен бардым. Туризмде инфортур деп аталатын іс-сапарлар болады. Ақпараттық, жарнамалық турлар қатты қымбат та емес. Елмен танысасың, аралайсың. Біз Венеция, Верона қалаларында болдық, солтүстік Италияда орналасқан Больцано қаласына да жолымыз түсті.

– «Италия – таңғаларлық ел» деп жиі айтып жатасыз. Олардың мәдениеті мен өмір сүру стилі қандай? Қазақтар олардан не үйренуі тиіс?

– Римге 2010 жылы бірінші рет барып, өзіме жақын екенін сездім. Рим – әсем қала, тамақтары да дәмді. Әрдайым Римде тұруды армандайтынмын, міне бүгін осы арманым орындалды. 

Италиялықтар өмірден ләззат алып, рахатпен өмір сүреді. Сондай-ақ, оларың стилі, талғамы ұнайды. Сән әлемі, брендтері, сәулет өнері ерекше.  Мұражайлар, суреттер, мүсіндер сияқты әлемдік мәдени мұраның көп бөлігі Италияда орналасқан. Италиялықтардың туа біткеннен талғамдары жақсы. Олар сәнді киінуді де, үстелді әдемілеп әзірлеуді де біледі және соншалықты бәрін шынайы істейді. 

Дәстүрлік жағынан қазақтармен ұқсастықтар бар. Мысалы, Италияның оңтүстігі маған Қазақстанның оңтүстігін еске салады. Мұнда адамдар балажан және де бұл аймақта біздегі оңтүстіктегідей бюроктратияны байқауға болады (күледі-авт.). 

– Италияда матриархат бары рас па? Әйелдердің рөлі жайлы не айтасыз?

– Толықтай бұл сұраққа жауап беру қиын, себебі менің Италияда тұрып жатаныма көп болған жоқ. Дегенмен, иә, Италияда матриархат бар деп есептеледі, ер адамдар «анасының балалары», сол кісілермен бірге 40-қа келгенше бірге тұрады деп айтып жатады. Алайда мен кездестірген ер адамдардың бірі ондай болмады.  Қанша ер адамдармен кездесуге бардым, құрбыларымның да айтуы бойынша ер адамдардың көпшілігі өз бетімен өмір сүреді. Әйелдерге табынушылық байқалады, бірақ матриархат бар деп айта алмаймын. Италиялықтар кейбір мәселелерде патриархаттық көзқарастарды да ұстанады. Мысалы, Италияның оңтүстігінде үй шаруасымен тек әйелдер айналысады, ашық киінбейді, себебі ер адамдар ескерту жасауы мүмкін.

– Тағы басқа қандай елде тұрып көрдіңіз? Қазақстанға не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Украинада екі жыл, Грузияда шамамен бір жылдай тұрдым. Қазақстанда біріккен жалпыұлттық, халықтық бірлік, ауызбіршілік жетіспейді. Грузиндер мен украиналықтарда ынтымақ бар, патриотизм бар, бір-біріне алаңдап, көмектесіп тұрады. Бізге осы нәрсе жетіпейтін сияқты. Бізде қазақтарда намыс деген ұғым бар. Бірақ неге адамдар өз намысымен тілдеспейді, кейбір мәселелерде намысын оятпайды? Бізге жалпыхалықтық идея мен қолдан жасалған емес, шынайы патриотизмді дамыту керек деп ойлаймын.

Ал елдегі әйелдерге деген қарым-қатынастың деңгейі көңіл көншітпейді. Украинада да сексизм, тұрмыстық зорлық бар. Дегенмен, онда статистика, осымен айналысатын ұйымдар бар. Бізде Қазақстанда жағдайдың шектен шыққаны соншалық, мұндай статистика да жоқ. Ал Грузияда әйелдер құқығы жақсы қорғалған, заң жұмыс істейді. Тіпті қала мэрі 8 наурыздағы құттықтау сөзінде «Егер тұрмыстық зомбылықтан зардап шеккен жағдайда мемлекеттің өздеріңді қорғайтынын ұмытпаңдар» деп тұрып тілек айтқан.  

– Қазақтанға оралу жоспарыңызда бар ма?

– Мен ешқашан Отаныма қайта оралмаймын деп ойламайтынмын, жай шетелде тұрып көргім келетін. Оқып, жұмыс істеп, тәжірибе жинау мен үшін маңызды болды. Тек сәл ертерек осыны істеуге болар еді деп өкінетінім бар. 20 жасымда АҚШ-қа Work and Travel-мен барып келгенім бар, енді мұндай қысқа мерзім тұру болып есептеле ме, білмеймін. Бөтен елде тұрып, оны зерттеу маған ұнайды. Қазақстанмен байланысым үзілген жоқ, үзілмейді де: онда жобаларым, жұмыстарым, таныстарым бар. 

– Өзіңізді феминиспін деп санайсыз. Мұндай көзқарасты ұстану өзге адамдармен қарым-қатынасқа әсер ете ме?

– Әрдайым феминист болдым деп ойлаймын, кішкентай кезімнен әйелдер құқығы қорғалуы тиіс деп есептейтінмін. Бірақ ол кезде көзқарастарды қалай жеткізу, білдіру керек екенін дұрыс білмедім. Сондықтан болар, бұрын феминист емеспін деп ойлайтынмын. Әрине, феминизм Еуропада бөлек, Қазақстанда бөлек. Еуропада «феминизм» десе адамдар қорқады, Қазақстанда да солай. Мұнда әйелдің құқықтары жақсы қорғалған, феминистер көп және 8 наурыз мұнда әйелдер құқығын қорғау күні ретінде түсіндіріледі. Әйелдер митингі жиі өтеді.

Италияда әйелдер ер адамдарға өздерін шығарып салып, үйден алып кетуге көп жағдайда жол бермейді. Мысалы, Қазақстанда жігіттер қыздарды үйге дейін шығарып сала береді ғой. Ал мұнда егер ол сенімді, өзі жақсы танитын адам болса ғана үйге дейін шығарып салуы мүмкін, ал Tinder сияқты әлеуметтік желіде танысқан ер-жігіттерге өздерін күтіп алып, шығаруға мүмкіндік бермейді. Бұл италиялық әйелдердің жеке өміріне қол сұғушылық ретінде бағаланады. Әйелдер үшін бұл маңызды. 

Феминизм маған көп жағдайда қолғабыс етеді. Жалпы феминизм ер адамдар үшін де тиімді деп ойлаймын, себебі бұл жағдайда әйелдер қауымы ерлерді ақша көзі ретінде емес, тұлға, адам ретінде қабылдайды. 

– Қыздарға арналған курсыңыз туралы айтып беріңізші. Қандай мақсатта жасалды?

Ойын-сауық бағытында, жеңіл курс жасағым келді. Көңіл-күйді көтеріп, кәсіби деңгейде жасалатын, шығармашылық бағыттағы түрлі курстар көп. Әйелдерді рахаттандыратын, жеңіл сезіндіретін курс жасау мақсат болды. Бірінші толқыны өтті, қыздардың барлығы тек жақсы пікірлер қалдырды. 

– Еуропада, Қазақстанда сексизм, расизммен бетпе-бет келген жағдайлар болды ма?

– Өзім тұрған елдерде расизм, сексизммен бетпе-бет келдім деп айта алмаймын. Италияда менің бет-әлпетім италиялық әйелдерге кішкене ұқсайды. Сондықтан мені ер адамның көбі жергілікті тұрғын деп ойлайды. Қазақстанда жұмысқа тұратын кезде компанияларда ер адамдар амандаспай қойған жағдайлар болатын. Сондай-ақ, менің футболға  қызығушылығыма қатысты да әртүрлі жағымсыз пікірлерге қалып жатамын, көп ер адам таңғалып «Әйел бола тұра, футболға қызығасың ба?» дейтіндер бар. 

 

Сұхбат алған: Назерке МҰСА

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз