Қазақтар жаңа босанған әйелді қалай күткен: Этнограф жас ананың күтімі туралы айтып берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Аяғы ауыр әйелдің бір аяғы төрде, бір аяғы көрде деген сөз бар. Бұл құрсағында сәби көтерген келіншектің ерекше күтімді қажет ететінін, қауіпті кезеңде жүргенін білдіреді. Stan.kz тілшісі этнограф-ғалым Болат Бопаймен хабарласып, жаңа босанған әйелдің ширауы, күтімі жайлы ақпарат алды.

жаңа босанған әйел

Қазақ жаңа босанған келін күтіміне ерекше мән берген. Әсіресе, алғашқы қырық күнге дейін аса қамқорлық танытқан. Өйткені, қырық күн өткенше жаңа туған шақалақ та, анасы да әлсіз болады. Буын-буыны босайды, алпыс екі тамырынан қан кетеді, әлсірейді деп сенген. Сондықтан әйелге қалжырағанын басады деп қалжа сойып береді. Қазақта: «Әйел қалжадан ұлғаяды, ер олжадан марқаяды» деген сөзі содан қалған.

Қырық күнге дейін жаңа туған сәби де, әйел де әлсіз дәрменсіз болады. Қан кеткен соң денесі әлсірейді, көңіл-күйі түсіп, буын-буыны құритын болады. Бастапқы қырық күнде күтімін жақсартып, сорпа-сулап күтеді. Қырық күнгі шілдедері шықпаса, әйелде желік ауруы пайда болады деп санаған. Екінші бала көтере алмай қалуы мүмкін деп болжаған. 

Әр күні өзінің тәбеті тартқан, сүйікті тағамдарын дайындайтын болған. Бұл қазақтың дәстүрінде ерекше орын алған салт. Қырық күндік күтімде жүрген әйелді таңда, кешке сыртқа жалғыз жібермейтін болған. Ауыр нәрсе көтерткізбеген. Жұмысқа салмай, көңіліне келетін сөз айтпай, қас-қабағын баққан. Әйелдің денсаулығы жақсы болса, баланың денсаулығы жақсы болады деген.

Қой етінен сорпа дайындап, бидай қуырып беретін болған. Бидай омырау сүтін көбейтеді, құнарлы қылады деп сенген. Сондықтан әйелдің барлық түнгі, күндізгі күтімдерін ата-енесі, жолдасы мойындарына алған. 

Бұдан бөлек, босанып, буыны бекіп үлгермеген әйелді қараңғы үйге жатқызбаған. Түнде қорқып, шошып қалса, омырау сүті тартылып кетеді деп ойлаған. Қырық күн өткен соң әйел қол-аяғын бауырына алып құлақтанады, осы уақыт аралығында өзіне келеді деп сенген. Сол үшін босанғаннан кейінгі алғашқы қырық күнді қауіпті, қатерлі күн санаған. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

stan.kz