Қазақтар неге гүл сыйламаған

0

Ата-бабамыз қызғалдақты жұмақ гүліне балаған. Шеберлер оның суретін киімге алтын жіппен сәндеп кестелесе, ұсталар бағалы бұйымдарға ойып салған. Бірақ гүлдің өзін қазақтар бұрын бір-біріне ешқашан сыйламаған

Сәуір айының соңында гүлдеп, 15 күн ғана «өмір сүретін» қызғалдақ қазақтар үшін Наурыздың символы болып саналады. Сондықтан да Наурыз мейрамы қарсаңында көше бойына ілінетін баннерлерде, төл мерекемізді насихаттайтын түрлі логотиптерде көз жауын алатын қызғалдақтар бейнеленеді.

«Қызғалдақтың отаны Голландия емес, Қазақстан»

Қазақ жерінде қызғалдақтың 32 түрі бар. Оның 12-сі тек біздің елде ғана өседі, басқа жерде жоқ. Қызғалдақ гүлдерін Іле, Жоңғар Алатауында, Кетпен (Ұзынқара) жотасы мен Шу атырабынан кездестіруге болады. Ал осы гүлді көптеп сатып, басты табыс көзіне айналдырған Голландияның өзінде мұнша түр жоқ.

Айтқандай, шетелдіктердің басым бөлігі қызғалдақтың отаны Голландия деп ойлайды, бірақ ғалымдар оны әлдеқашан жоққа шығарған. Ғылыми тұжырым бойынша, Қазақстанда өсетін бұл гүл алғаш рет ХVI ғасырдың ортасында Түрік еліндегі неміс елшісі арқылы Германияға жетіп, одан Голландия асқан екен.

«Көз жауын алатын ерекше гүлді көрген еуропалықтардың есі кеткен. Оған қол жеткізу үшін бай-манаптар барын шашқан. Сондықтан ол батыста байлар ұстайтын гүл ретінде қабылданған. Содан бастап еуропалықтар оны байлықтың символы деп таныған. Қалталылар тарапынан сұраныс жоғары екенін байқаған Голландия бұл гүлді көптеп өсіре бастаған», деп жазады өзінің ғылыми еңбегінде ғалым Анна Иващенко.

Қызғалдақ сөзін ғалымдар қалай түсіндіріп жүр?

Қызғалдақтың атауы туралы ғылыми ортада болжам көп. Көбісі парсы сөзі  «тюльпанға» көп тоқталады. Парсыша  «толибан» немесе «долбент» дегеніміз басқа тартатын «тюрбан» екен.  Демек, гүл қауызы шығыстың бас киіміне ұқсас болғандықтан, осылай аталған.

Тағы оқыңыз: Наурыз мейрамында дастарқанға қандай тағамдар қойылады

Шығыстың атақты шайыры Ғафиз қызғалдақты раушан гүлінен жоғары қойған.

Ол өз өлеңінде қызғалдақтың қыздай нәзіктігіне, әдемілігіне, кипаристей сымбаттылығына тіпті раушан гүлі де тең келмейді деп сипаттайды.

Қазақ қызғалдақты жұмақ гүліне балап, қадірлеп-қастерлеген

Ата-бабамыз қызғалдақты жұмақ гүліне балапты. Оны аса қастерлеген. Ақсүйектердің алтын-күміс әшекейлерінен, сәнді киімдерінен оның суретін кездестіруге болады. Мысалы,  Жетісудағы «Теңдік» қорғанынан табылған біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардағы сақ патшалары мен көсемдерінің киімдері қызғалдақ тәрізді оюмен әшекейленген. Одан бөлек қызғалдақтың бейнесіндегі жалпақ алтын тіліктер табылған.

Орта Азия аймағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлық қыш бұйымдарға да осы гүлдің суреттері салынған.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі жұқа кірпіштерде, Отырар жазирасындағы ортағасырлық қыштардан да осы бейнені көруге болады.

Бұл сурет ер-тұрман жабдықтары, тері белдік тоғалары, сақина, білезік, қамзол қапсырмалары, ағаштан жасалған жиһаздар, сырмақ, текемет, кілем, алашаларда да бар.

Құлпытастарда да қызғалдақ суреттері салынып, ол адам өмірінің өтпелі екендігін байқатқан.

Иә, ата-бабамыз қызғалдақтың суретін құлпытасқа дейін бейнелегенмен, оның өзін ешқашан жұлмаған, кісіге сыйламаған. Мұны, керісінше жабайылық деп санаған. Өйткені дала қазағы қоршаған ортаны жаны, малы секілді тең көрген. Оны «Көкті жұлма – көктей соласың», «Қыз – елдің көркі, гүл – жердің көркі» деген халықтың нақыл сөздерінен анық аңғаруға болады.

Гүл түгілі, зияны бар жыланның өзіне тиіспеген. Үйге кіріп кетсе, басына ақ құйып, сыртқа шығарып жіберген. Бұл халқымыздың тірі жәндікке қиянат жасамайтын жері секілді пейілі де кең екенін білдіреді.

sputniknews.kz