Қазақстанның тоғыз облысында дабылды ескерту жарияланды
Циклонның әсерінен еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр жауып, жел күшейеді. Синоптиктер дабылды ескерту жариялады
Sputnik. Алдағы дүйсенбіде, 9 қарашада Қазақстанның басым бөлігіне Ақ теңіз аумағынан келетін циклон әсер етеді.
«Қазгидромет» синоптиктерінің мәліметінше, өңірлерде ауа райы жауын-шашынды болады. Сондай-ақ, республиканың басым бөлігінде жел күшейіп, кей жерлерде тұман түседі, көктайғақ болып, жаяу бұрқасын соғады деп болжанып отыр.
Өңірлердегі ауа райы және дабылды ескерту
Павлодар облысының кей жерлерінде дүйсенбіде жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болады. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 23-28 метрге дейін жетеді.
Ақтөбе облысында түнде кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соққан жел кей жерлерде секундына 20 метрге дейін жетеді.
Қызылорда облысында алдағы дүйсенбіде шаңды дауыл тұрады деп болжанып отыр. Түнде оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді.
Ақмола облысында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, жаяу бұрқасын соғады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні – секундына 23-28 метр.
Түркістан облысының кей жерлерінде жаңбыр, қар жауады, тұман түседі, оңтүстік-батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.
Алматы облысында солтүстік-батыстан жел соғады, кей жерлерде секундына 17-22 метрге дейін күшейеді.
Қостанай облысында тұман түсіп, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысында ауа райы жауын-шашынды, көбіне қар жауады. Кей жерлерде тұман, көктайғақ болып, жаяу бұрқасын соғады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетеді.
Қарағанды облысында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, жаяу бұрқасын соғады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні кей жерлерде секундына 23-28 метрге дейін жетеді.
Мегаполистердегі ауа-райы
Нұр-Сұлтанда синоптиктер 9 қарашада қар жауып, ауа температурасы түнде 0 -2 градус, күндіз 0 + 2 градус болады деп болжады. Жел секундына 20 метрге дейін күшейеді.
Алматыда алдағы дүйсенбіде күн бұлтты болады, жаңбыр жаууы мүмкін. Түнгі ауа температурасы + 3 + 5, күндіз: + 8 + 10 градус.
Шымкентте көшпелі бұлт шығады, жаңбыр жаууы мүмкін. Ауа температурасы түнде + 3 + 5, күндіз + 11 + 13 градус жылы болады.