Қазақстанның сыртқы қарызы 29 триллион теңгеге жуықтады

0

Қазақстанның сыртқы қарызы 28 триллион 700 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл көрсеткіш алдағы үш жылда ұлғая бермек. 2025 жылы мемлекеттік борыш 32 триллион, ал 2029 жылы шамамен 50 триллион теңге болады деген болжам бар. Бірақ шенеуніктер уайымдауға негіз жоқ дейді. Өйткені сыртқы қарыз сомасы жалпы ішкі өнімнің 25%-нан аспайды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржы министрі 2028 жылдан бастап сыртқы қарыз азаятынын айтты, яғни алдағы бес жылдықта борыш көлемі жалпы ішкі өнімге шаққанда 25 пайыздан аспайды. Бірақ «2025-2027 жылдарға арналған бюджетті» талқылау кезінде депутат Ержан Бейсенбаев келесі жылы мемлекет берешегі 33, ал 2029 жылы 50 триллион шамасында болады деп болжады. Қазір қарыз көлемі 29 триллион екенін ескерсек, жыл сайын ұлғая беретінін аңғару қиын емес. Үкімет осы аралықта жалпы ішкі өнімді 498 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін экономикалық өсім 5-7% болуы тиіс.

“Егер жылына 5,4% өссек, 2029 жылы ЖІӨ көлемі 498 миллиард долларға жетеді. Тиісті есептеу бар. Әрине, ондай көрсеткішке қол жеткізу үшін ішкі өндірісіміз бен инфрақұрылымды дамытуымыз керек”, – деді премьер-министр Олжас Бектенов.

Ұлттық экономика министрі қарызды оңды-солды ала бермейміз, тиісті талдау жасап, тиімді жолдарын іздейміз деп уәде етті. Сонда да үкімет ұлттық қордан ақша алуға ниетті. Себебі үш жыл бойы кемі 2 триллион теңгеден алуды жоспарлап қойған. Бұл –  кепілдендірілген транферт. Пікірлерінше, келесі жылы бюджет түсімі биылға қарағанда 1,2 триллион теңгеге өседі. Алайда тапшылық көлемі де 1,7 триллион теңгеге артады.

Ұлттық банк төрағасы ұлттық қор активтері шамамен 63 миллиард долларға жетті деді. Бірақ қордан алынған қаражат түсімнен көп болып отыр. Демек теріс баланс қалыптасқан.

“Ұлттық қордан берілетін тікелей трансферттер көлемі – 5,6 триллион теңге. Осыған ұқсас деңгей, яғни 5,3 триллион теңге келесі жылдың бюджетінде қарастырылды. Нәтижесінде ұлттық қордан берілетін тікелей трансферттер мен басқа алымдар көлемі барлық ақша массасының шамамен 16%-на тең”, – деді ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасы инфляцияның төмендеп келе жатқанын айтты. Айтуынша, келесі жылы инфляция 5,5-7,5% дәлізінде қалыптасады. Ал 2026 жылы таргетке жақындап, 5-7% аралығында болады деген болжам бар. Бюджет әлеуметтік бағытқа бағдарланған қалпында қала береді. Келер жылы бұл салаға қосымша 862 миллиард теңге бөлінеді.