Қазақстанның сот жүйесін реформалау: кассациялық соттарды құру – сот төрелігін жаңғыртуға қадам
Мемлекет басшысының бастамалары мен саяси ерік-жігері саяси жүйені, соның ішінде сот жүйесін реформалаудың негізі болып табылады. Бұл реформалар оның ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
2024 жылғы 5 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл өзгерістер елде кассациялық соттарды құруды көздейді және сот саласындағы реформалардың қажеттігін растайтын саяси көзқарасын айқындады.
Осыған сәйкес, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерге мамандандырылған үш дербес кассациялық сот іске қосылады деп жоспарлануда.
Мемлекет басшысының кассациялық соттарды құру туралы шешімі сот жүйесін трансформациялаудың қисынды жалғасы болып табылады. Бұл шешім сот билігінің тәуелсіздігін нығайту қағидатын бекітуге және соттар арасындағы функцияларды бөлуге бағытталған. Бұл ретте Жоғарғы Сот бірыңғай сот практикасын қалыптастыру мәселелерімен айналысады, ал істерді мәні бойынша қайта қарау функциясы кассациялық соттарға беріледі.
Кассациялық соттарды енгізу арқылы Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Ол сот практикасының бірізділігін қамтамасыз етуге және заңдылық мәселелерін қарауға бағытталады. Ал сот төрелігін тікелей жүзеге асыру аудандық және облыстық соттардың, яғни бірінші және апелляциялық инстанциялардың, сондай-ақ жаңадан құрылатын кассациялық соттардың құзыретінде болады.
Конституциялық заңға сәйкес, кассациялық соттарға істер тікелей сот алқаларына түседі және тараптардың қатысуымен қаралады. Кассацияда істерді қарау мерзімі алты айдан аспайды.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, кассациялық соттардың өкілеттіктері, құрылымы және құрамы, сондай-ақ осы соттардың судьялары мен төрағаларына қойылатын талаптар айқындалған.
Кассациялық сот судьяларының құқықтық саладағы еңбек өтілі кемінде 18 жыл немесе судья ретіндегі жұмыс өтілі кемінде сегіз жыл болуы тиіс, оның ішінде облыстық сот судьясы ретінде үш жыл жұмыс істеуі қажет. Кассациялық сот төрағасына судья ретінде кемінде 10 жыл, оның ішінде облыстық сот судьясы ретінде бес жыл еңбек өтілі қажет.
Осылайша, Қазақстанда кассациялық соттарды құру сот төрелігінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға және азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Бұл реформалар сот жүйесінің құрылымын өзгертумен қатар, Президент Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың кең ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.
Марат Жұмағұлов,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының стратегиялық талдау бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері.