Қазақстанның солтүстігінде бір мектеп карантинге жабылды

0

Тұмау жұқтырғандардың көбеюіне байланысты Петропавлдағы мектептердің бірі карантинге жабылды, оқушылар 5-7 күн сабаққа бармайды

НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Петропавлда бір мектеп пен басқа білім ошақтарының бірнеше сыныбы тұмауға байланысты карантинге жабылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

№6 мектепте оқу толығымен уақытша тоқтатылды. Бұдан бөлек, №5, 9, 24, 26 мектептері мен «БЭСТ» гимназиясында бірнеше сынып карантинге жабылды.

Қалалық білім бөлімінен мәлімдегендей, оқушылар бес-жеті күн бойы мектепке бармайды.

«Егер сыныптағы оқушылардың 20%-і немесе одан да көбі сабаққа келмесе, мектеп әкімшілігі оқу процесін жартылай немесе толығымен тоқтату туралы шешім қабылдайды. Егер барлық оқушының 30%-і немесе одан да көбі мектепке бармаса, білім беру ұйымы директордың бұйрығымен жабылады», — деп түсіндірді білім бөлімінен.

Санитарлық дәрігерлердің сөзінше, солтүстік өңірде өткір респираторлы вирусты инфекция жұқтырғандар саны артып жатқаны байқалады. Эпидемиялық маусым басталғалы бері Солтүстік Қазақстанда 20 мыңға жуық адам инфекция жұқтырған. Ауырғандардың дені 14 жасқа дейінгі балалар.

Тағы оқыңыз: Қазығұртта мектеп ауласында болған трагедияның мән-жайы анықталды

Облыста, сондай-ақ, 196 адам тұмауға шалдықты.



sputniknews.kz