Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндерінің ашылуы қалай өтті

0

Қазақстанның мәдениет күндері Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде (ВДНХ) ашылды. Ресей астанасының тұрғындары мен қонақтары атақты әртістердің өнерін тамашалады

«Біздің бауырлас халықтарымыздың көпжылдық ортақ тарихы, экономикалық байланысы, бірыңғай мәдени және рухани кеңістігі бар. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Ресей – Қазақстанның құдай қосқан көршісі». Қазақстан мәдениетімен жаңадан танысу келушілерге қайталанбас әсер қалдырсын деп тілеймін», — деді Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ашылу салтанатында.

Ресей мен Қазақстанды «шынайы достық тығыз байланыстырады, ал мәдени саладағы серіктестіктің көрші елдер татулығын нығайтудағы маңызы зор», деп атап өтті Ресейдің мәдениет министрінің орынбасары Павел Степанов.

Тағы оқыңыз: Назарбаев Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндерін ашады

Қонақтарға Astana Ballet театрының балет труппасы, Қазақстанның халық әртістері өнер көрсетті.

Сондай-ақ концерт көрермендері «Астана Опера» опера және балет театрының әншісі Нұрлан Бекмұхамбетовтің, «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің, опера әншісі Салтанат Ахметованың, сондай-ақ КСРО-ның халық әртісі Әлібек Дінішевтің өнеріне тәнті болды.

Қазақстанның мәдениет күндеріне арналған Мәскеудегі мерекелік шаралар 11 қыркүйекке дейін созылады.

Третьяков галереясының инженерлік корпусы мен «Иллюзион» кинотеатрында Ресей мен Қазақстанның фильмдері көрсетіледі.



sputniknews.kz