Қазақстанның қай облыстарында тасжолдар жабылды
Қысқа сілтеме алу
Бұрқасын, жолдың нашар көрінуі мен көктайғақ автожолдарды жабуға себеп болды
АСТАНА, 4 наурыз — Sputnik. Қазақстанның үш өңірінде ауа райының қолайсыздығынан жолдар жабылды.
«Қазақавтожол» компаниясының мәліметінше, Ақмола облысында «Алматы — Екатеринбург» тасжолы (1275-1353 километр, Астанадан Қарағанды облысының шекарасына дейін) барлық көлік түрі үшін жабылды. Себеп – бұрқасын мен көктайғақ.
Қарағанды облысында Ақмола облысының шекарасынан Теміртауға дейін (1353-1446 километр) «Алматы – Екатеринбург» жолында автокөліктің барлық түрі үшін қозғалысы тоқтатылды. Жолдың жабылу себебі: көктайғақ және жолдың нашар көрінуі.
Сондай-ақ өңірде жүк және қоғамдық көліктер үшін Қарағанды –Ақсу-Аюлы ауылы (1492-1610 километр) жолы жабылды.
Бұрқасын мен жолдың нашар көрінуіне байланысты Жезқазған-Петропавл жолында (24-136 километр, Сәтпаев қаласынан Ұлытау елді мекеніне дейін) автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс тоқтатылды.
Батыс Қазақстан облысында боран соғып тұр, осыған байланысты «Орал-Тасқала-Ресей шекарасы» автожолындағы Переметное ауылынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі (31-104 километр) учаске жабылды. Мұнда көлік құралдарының барлық түріне жүруге тыйым салынған.
sputniknews.kz